«Кеңес» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, дамуында қиындықтары бар балаларды кешенді сүйемелдеу моделінің авторы Майра Сүлеева Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді. Оның іссапары «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыс барысымен танысудан басталды. Майра Сүлеева мекеме ұжымына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың игілігі үшін қызмет етуіне тілектестік білдіріп, олардың жұмысын жоғары бағалады.
Майра Сүлеева саналы ғұмырын мүгедектігі бар азаматтардың сауығуына, әлеуметтік жағынан қолдау көрсетуге арнаған білікті маман. Ол жаңа қызмет көрсету нысандарының тиімділігі мен мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, орталықтың қазан айының соңында пайдалануға берілетіндігін атап өтті. Бұл – Түркістан облысындағы мүгедектерге арналған әлеуметтік қызметтерді жетілдіру бағытындағы маңызды қадам.
«Оңалту орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсету үшін ашылады. Біздің міндет – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сапалы қызмет көрсету. Сауықтыру орталығында медициналық, педагогикалық, еңбекке баулу және тағы да басқа бағыттар бойынша бір мезетте 200 азаматқа қызмет көрсетілетін болады. Ғимаратты толыққанды материалдық-техникалық базамен жабдықтау бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде», — деді Әсия Темірбаева.
Майра Сүлеева мен оның серіктері, сондай-ақ, 50 орындық мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылыс барысымен танысты. Орталықтың құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталып, 2025 жылдың I тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа орталық ғимаратына Төлеби ауданы, Тасарық ауылында орналасқан тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «№ 4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін орналастыру (көшіру) жоспарлануда.
Бұл іс-шаралар Түркістанда мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарының құрылысын жүргізу мен қызмет көрсету жүйесін дамытудағы әлеуметтік қолдау шараларының маңызды бөлігін құрайды. Мұндай орталықтардың ашылуы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға заманауи талаптарға сай медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Майра Сүлеева, орталық қызметкерлерімен тәжірибе алмасуға дайын екендігін айтып, әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы жаңашылдықтарды енгізу бағытында нақты ұсыныстар жасады. Бұл – аймақтағы әлеуметтік қызметтерді дамыту, мүгедектердің құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жасалған маңызды қадам.
Жалпы, Түркістан облысындағы әлеуметтік қызметтердің дамуы, мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда белсенділігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар, еліміздегі мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге зор үлес қосуда.