Ана мен баланы қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалы отбасыларға бюджет тарапынан жәрдемақылардың 5 түрі төленеді. Ал, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 түрлі төлем қамтылады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті Ана мен баланы қолдау басқармасының басшысы Гүлмира Жәкенқызының айтуынша, оның біріншісі, республикалық бюджеттен төленеді. Оның түрлері: бала тууына байланысты бiржолғы жәрдемақы; бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы; бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға төленетін жәрдемақы; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге төленетін жәрдемақы.
Ал, екінші түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, ол сақтандыру қоры қатысушыларына төленеді . Ол жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем.