Отбасының цифрлық картасында әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметтер алуға болады

Отбасының цифрлық картасы

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) іске қосылды. Онда азаматтар туралы барлық мәліметтер жинақталған. Соған қарамастан, қоғамда өзі және отбасы туралы шынайы деректі жасыратындар көп. Өйткені, соңғы жылдары атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй кезегіне тұру үшін ажырасушылар саны күрт көбейіп кеткен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік төлем жүйесінің түбегейлі өзгергенін, енді атаулы әлеуметтік көмек табысқа емес, шығын мөлшеріне қарай есептелетінін айтты. Енді АӘК алуға ниетті әр отбасы бұдан былай шығыны туралы ақпарат жинайды. Ал, әрбір жанұяның табысына қатысты мәлімет «Отбасының цифрлық картасы» сервисінде тұр. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 114,1 мың отбасыға (598,4 мың адам) 57,4 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалған. Қазіргі уақытта отбасының цифрлық картасы шеңберінде проактивті сипатта мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрін тағайындау бойынша қызметтер көрсетіледі. Мамандар «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін енгізу тиімділікті арттыруға және тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны соңғы бес жылда 12 есеге дейін азайған. 2019 жылы 77 000 отбасыға көмек берілген. Ал, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 12725 отбасыға тағайындалса, ағымдағы жылы 6927 отбасыға беру жоспарланып отыр.
Басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізудің арқасында көрсеткіш төмендегенін айтады. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың да шарапаты тиіп жатыр. Жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде де  көрсеткіш едәуір төмендегенін атап өтті. Сондай ақ, халықтың құқықтық сауаты артып, жеке кәсібін бастағаушылардың қатарының артуы межені төмендетіп отыр.

Бұған қоса, білім саласының өкілі қаладағы 122 жекеменшік мектепте ашықтықты қадағалау мақсатында ыстық тамақтың ақшасы ата-аналарға берілетінін айта кетті. Себебі, қалада «ғайып жандар» мәселесін тудырмас үшін баланың күнделікті тамағына жұмсалатын ақша ата-ананың есепшотына жолданады.