Өз ісінің білігір маманы болу маңызды қадам

Президентіміздің биылғы Жолдауында білім саласына да үлкен мән берілді. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз.  

Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет.  Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады.  Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. 

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және насихаттау бойынша жиын өтті. Жиынға оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Бердіқұл Садықов Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттар, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімеледі. Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың білімге ден қойып, өз ісінің білгір маманы болудың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының әр Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетіні жөнінде айтылып келеді. Жастар қандай білім алса да, қандай кәсіп бастаса да мемлекет тарапынан қолдау барын сезінуі тиіс. Қазір ғылымды игеріп, кәсібін дамытып, тек алға қадам басатын кезең. Жас буын жасампаз болса, елдің болашағы да жарқын болары сөзсіз, – деді Б.Садықов.

Кездесуде Жолдау аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Жолдауда айтылғандай, жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болатыны анық. Осы тақырып аясында студенттер өзара пікір алмасты.

Ntime.kz