Наргиза Абдиева жауапкершілігі жоғары, кәсіби маман

Заң талаптарын сақтау баршаға ортақ міндет. Кез-келген мекемеде оның сақталуын қадағалайтын құқықтық жұмыспен айналысатын мамандар, яғни заңгер кеңесшілері бар.Бұл лауазым иелері келісімшарттар мен өзге де құжаттардың заңдылығын тексеріп, заң талаптарының сақталуын қадағалайды, мекеменің сот процестеріне әкелуі мүмкін барлық ықтимал тәуекелдердің салдарын болдырмауға бағытталған әрекеттерді жүзеге асырады, құқықтық тақырыптарда сабақтар өткізеді, кеңес береді. Ал Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде бұл қызметті жаны нәзік болса да, қайсар мінезді тәжірибелі маман Наргиза Адиловна Абдиева атқарады.1996 жылы Шымкент экономика және құқық колледжін, 2006 жылы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған ол түрлі мекемелерде қызмет атқырып заңгер ретінде мол тәжірибе жинақтады. 2020 жылдан бастап Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне қызметке орналасып, содан бері біліктілігінің нәтижесінде күрделі істің де, күрмеуін шешіп, жемісті еңбек етіп келеді. Сотта, мемлекеттік органдарда мекеменің мүддесін қорғау барысында нақты атқарған жұмыс нәтижелері де баршылық. Ал жүйелі түрде бекітілген кестеге сәйкес өткізілетін сабақтарда Наргиза Адиловна заң талаптарын түсіндіруде алдына жан салмайтын кәсіби маман. «Өмірдің мәні айналаңа қызмет етіп, көмек көрсету» –деп Аристотель айтқандай, кеңес қажет бола қалса көмегін еш аяған емес, қандай мәселе болмасын заңдылығын дөп басып айтып, жан-жақты түсіндіріп береді. Мұның барлығы өз мамандығына, қызметіне деген құрметі, жауапкершілігі деп білеміз.

С. Шойманов Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі