1 шілдеден бастап өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі

Шымкент қаласы техникалық реттеу және метрология комитетінің департамент басшысы Бастар Есқараев ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде «Техникалық реттеу туралы» заңның жаңа редакциясы туралы айтып берді деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Бастар Есқараевтың айтуынша, субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу жаңашылдық болмақ. Енді өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі. Бұл үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.
«Негізгі міндет — ҚР нарығын қауіпсіз емес және сапасыз өнімнен қорғайтын заң қабылдау болды. Сондай-ақ, бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде оларға артық жүктеме көрсетпей, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін енгізу», — деп түсіндірді департамент басшысы.
Сонымен қатар, ол былтыр 3 жоспардан тыс тексеру, 2 бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау, профилактикалық бақылау нәтижесі бойынша берілген нұсқаманың орындалуына 1 жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін атап өтті. Тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген.