Келес ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 62 млрд теңгеден асқан

Келес ауданында өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі ағымдағы жылдың 9 айдың қорытындысымен 62,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,8 млрд теңгеге артқан. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 70,2%-ды құрап отыр. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Ақмеңтай Есбаев мәлімдеді.«Ауданға барлығы 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7 млрд теңгеге өскен. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 44,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,4 млрд теңгеге артты. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 24,5 мың гектарға кеңейтіліп, 187 гектарға артып отыр. Ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жоба өз жұмысын бастап, 69,4 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілді» — деді Ақмеңтай Үсенұлы.«Индустриалды инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы жалпы құны 998,4 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылған болса, қазіргі таңда 1 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Онда 88 азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтылған. 2022 жылға 1 жоба ұсынылып отыр. Ол «Бижигит-Ата» ЖШС-ң уылдырықтарды қолдан ұрықтандыру, балық өсіру және балық етін өңдеу жобасы.Аудан көлемінде табиғи газбен қамту пайызы — 58,4%, таза ауыз сумен қамту көрсеткіші — 63,2%, ал сапалы электр қуатымен қамту үлесі — 66,3%.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі