Полицейлер «Заңсыз келуші» шарасы аясында 200-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің тапсырмасымен, Түркістан облысы Полиция Департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің нұсқауына сәйкес, облыс аумағында республикалық «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған шара 10-17 қазан аралығында ұйымдастырылуда.
Профилактикалық шараның екі тәулігінде облыс полицейлері 205 құқық бұзушылықты анықтады. Оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 10 шетелдік сот шешімдерімен ел аумағынан аластатылды. 39 шетелдік жеке басын анықтау үшін қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды.
Ал шетел азаматын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 50 жергілікті тұрғын мен шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 7 Қазақстан Республикасының азаматына заң аясында шара көрілді. Осы ретте Түркістан облысының полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен жұмыс берушілерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескертулер жасауда.
Жалпы іс-шара өткізудің басты мақсаты — облыс аумағында шетелдіктермен немесе оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтарды алдын-алу және болдырмау, заңсыз жүрген шетелдіктерді елден шығару болып табылады.
Осыған орай, Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсаттары жоқ, сондай-ақ жұмысшы ретінде келіп, алайда заңдастырылмаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жергілікті көші-қон қызметі бөліністеріне барып, заңдастыру қажет екенін хабарлаймыз.