Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Арыс қаласының аумағында лимон өсіретін жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.Тропикалық аймақтарда ғана өсетін цитрусты жеміс саналатын – лимон өндіруді арыстық шаруалар да меңгеріп келеді. Алғашында жерсінбей ме деп жүрексінген құрметті зейнеткер Әбілқасым Жарымбет ерекше жеміс түрін жылыжайда егіп, бүгінде еңбегінің нәтижесін көруде.Экзотикалық жеміс өсетін жылыжай іші облыс төңірегіне ғана емес, республикаға белгілі жер астынан шығатын ыстық сумен жылытылады. Сондай-ақ, бүгінде мүлкін сенімді басқаруға берген медицина саласында 44 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маманның айуынша, жылыжайдағы топырақ та ешбір қоспасыз табиғи дәрумендермен тыңайтылады. Аумағы жеті соттық жерді құрайтын жылыжай екі кешеннен тұрады. Қазіргі кезде жалпы саны 26 түп лимон ағашының бір түбі де сетінемей жеміс беру кезеңіне жеткен.Лимонарийді аралап көрген қала басшысы Гүлжан Мамытқызы кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, мұндай жандарға көрсетілетін қолдау, көмектер жайлы кеңінен баяндады. «Біз осы кездері қаламызда шағын және орта кәсіптің кең қанат жаюына барынша жағдай жасайтын боламыз. Ең бастысы, осындай іспен айналысуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алуына көмектесеміз», – деді Гүлжан Мамытқызы.Кәсіп иесінің айтуынша, биыл лимон өсімдігін баптауды жетік меңгерген бағбан еңбегінің нәтижесінде 26 түп ағаштан 1 тонна өнім алу жоспарлаған. Бүгінге дейін оның 400-500 келісі жиналды.«Өзіміз қолдан өсірген өнімді ең алдымен біз шипажайдағы емделушілерге береміз. Одан кейінгісін қызметкерлерімізге ұсынамыз. Артылғанын ғана сатуға шығарамыз», – дейді Әбілқасым Жарымбет.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі