“Қолжетімді Қазақстан” стартап жобасы – бұл қозғалыс мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қоғамдық нысандардың қолжетімділігі туралы ақпаратты көрсететін елдің виртуалды картасы. 2021 жылдан бастап жоба “Tandau Foundation” қоғамдық қоры Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен және Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркімен серіктестікте жүзеге асырылып келеді. Цифрлық қоғамдық игіліктің талаптары мен стандарттарына сай ақпараттық жүйені пысықтау бойынша маңызды іс-шаралар жүргізілді.
2021 жылы QLT компаниясы қала нысандары мен қызметтерінің қолжетімділігі туралы ақпаратты көрсететін “Қолжетімді Қазақстан” онлайн картасына редизайн жүргізіп, жасауды аяқтады. Бұл деректер қозғалыс мүмкіндігі шектеулі халық топтарына (дене кемістігі бар адамдар, мүгедектер, арбасындағы кішкентай балалары бар ата-аналар, қарттар, жүкті әйелдер және уақытша жарақат алғандар) қала кеңістігінде жүруге мүмкіндік береді.
2017 жылы негізі қаланған QLT функционалды платформаларды әзірлейді және қазірдің өзінде оның көптеген ірі жобалары бар. Бүгін біз QLT бас директоры Дәурен Сәлиповпен сұхбатта осы жобалардың бірі туралы айтатын боламыз.
– Дәурен, алдымен компанияңыз, ұжымыңыз және жобаларыңыз туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
— Біздің компанияда 20-дан астам қызметкер жұмыс істейді: жоба менеджерлері, сарапшылар, дизайнерлер, фронтенд,бэкенд , тестерлер және мобильді қосымшаларды әзірлеушілер. Біздің IT саласындағы 10 жылдық тәжірибеміз және ондаған аяқталған жобаларымыз бар. Біздің кеңсе Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан, біз Astana Hub қатысушысымыз және Еуропалық қайта құру және даму банкінің аккредиттелген кеңесшілері болып табыламыз.Бізде Public Budget ашық бюджеттерінің интерактивті картасы, “PRO2” қызметкерлердің қатысуын бағалау платформасы, НҚА жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын жүргізу үрдістерін автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету, “QR-мәзірі” контактісіз электрондық мәзірі және “Қолжетімді Қазақстан” сияқты жобаларымыз бар.
– “Қолжетімді Қазақстанды” қалай пайдалану керектігін айтып беріңізші?
— Бүгін www.doskaz.kz сілтемесіне өтіп, «Қолжетімді Қазақстан» онлайн картасын пайдалана аласыз! Карта жүкті әйелдерге, балалар арбаларын пайдаланатын 7 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға, мүгедектерге және басқа да қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қолжетімділігі бағаланған объектілерді қамтиды. Карта пайдаланушылары таңдалған нысанның қаншалықты қолжетімді және қауіпсіз екендігін біліп, оған жетудің ең ыңғайлы әрі қауіпсіз маршрутын алдын ала біле алады. Сонымен қатар, кез келген пайдаланушы картада қоғамдық орынды белгілеуді және оның қолжетімділігі туралы ақпаратпен бөлісуді ұсына алады. Объектілердің қолжетімділігі картада халықаралық бағдаршам[1] [2] жүйесі арқылы көрсетіледі: жасыл түс – қолжетімді, сары түс – жартылай қолжетімді және қызыл – қолжетімсіз жерлерді көрсетеді.
Картаға кірген кезде көптеген нысандар қызыл белгішемен белгіленгенін бірден көресіз. Елді мекендерде қолжетімді және жартылай қолжетімді нысандар әлдеқайда аз болады. Ғимараттың кіреберісі және ондағы барлық бөлмелер «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабында көрсетілген нормативтік талаптарға сәйкес болуы керек. Алайда, біз ғимаратта жеделсатылардың жиі жұмыс істемейтінін немесе мүлдем жоқтығын, пандустардың дұрыс жобаланбағанын жиі байқаймыз.
- Digital Public Good (DPG) күйі туралы толығырақ айтып беріңіз.
- Цифрлық қоғамдық игіліктер – бұл құпиялылық пен басқа да қолданыстағы заңдар мен озық тәжірибелерге сәйкес келетін, табиғаты бойынша зиянсыз және Тұрақты даму мақсаттарына (SDG) қол жеткізуге көмектесетін ашық бастапқы бағдарламалық жасақтама, ашық деректер, ашық жасанды интеллект үлгілері. Бұл анықтама шешімнің цифрлық қоғамдық игілік екенін анықтау үшін пайдаланылатын тоғыз метриканың жиынтығы DPG стандартында жүзеге асырылады. Шешім цифрлық қоғамдық игілік ретінде танылса, оны DPG тізімінен табуға болады.
- Осыдан басқа қандай жобалар «цифрлық қоғамдық игіліктер» деп аталады?
— «Қолжетімді Қазақстан» – Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық қоғамдық игілік. Ең танымал цифрлық қоғамдық игілік – бүкіл әлем бойынша жүздеген мың адамдар күнделікті пайдаланатын Уикипедия. Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі денсаулық сақтауды басқару ақпараттық жүйесі DHIS2, тегін және ашық бастапқы бағдарламалық қамтамасыз ету (FOSS), авторлық құқығын еркін қайта пайдалануға, өңдеуге және ортақ пайдалануға рұқсат етілген ашық білім беру ресурстары да цифрлық қоғамдық игіліктер болып табылады.
– Цифрлық технологиялар көптеген үрдістерді жеңілдетуге мүмкіндік береді және бүгін біздің өмірімізде ғана емес, сонымен қатар жаһандық мәселелерді шешуде де қажет. Басқа да әлеуметтік жобаларды іске қосу жоспарыңызда бар ма?
– Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың өмір сүру деңгейін мен сапасын жақсартамыз, сонымен қатар, жайлы өмір сүру үшін пайдалы ақпарат береміз. Осындай жобаларға қатысудың арқасында біз әлеуметтік және қоғамдық мәселелер туралы көбірек түсінеміз. Жасына, тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына және денсаулық жағдайына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен міндеттері бірдей деп есептейміз. Біздің командамыз қоғамға пайдалы жаңа әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға қатысуға барынша дайын.
«Цифрлық қоғамдық тауарлар» дегеніміз не және олар не үшін қажет екендігі туралы көбірек білу үшін біздің мақаламызды оқыңыз.
Алтынгүл Жанабай