Заңды күшіне енген соттың шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Даудың дұрыс шешілуін, сот актісінің тезірек қолына тигенін азаматтар тағатсыздана күтеді.Ал шешімнің дер кезінде, сапалы орындалмауы азаматтардың сотқа, құзырлы органдарға деген сенімін төмендетеді. Қоғам үшін өзекті болған осы мәселенің жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте оң реттелгені қуантады.Кодекстің 28-тарауы сот бақылауына арналған. 171-бапта көрсетілгендей, сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін сот үш жұмыс күні ішінде жауапкерге орындау үшін жібереді. Ал жауапкер өз кезегінде сот шешімін бір айдың көлемінде орындауы тиіс. Әрі шешімнің орындалғанын сотқа хабарлауға міндетті. Заңдағы бұл жаңашылдықты сот жауапкерге ескертуі керек. Яғни, шешімдердің орындалуы соттың тікелей бақылауында болады. Мұның өзі сот бақылауының пәрменін арттырып, шешімдердің орта жолда қалмауына ықпалын тигізеді. Кез келген жауапкер істі соттың бақылап отырғанын білгеннен кейін заңға бағынып, өзіне жүктелген міндеттемені мінсіз орындауға тырысары анық.Алайда, «бес саусақтың бірдей болмайтыны» сияқты, сот шешімін өз мерзімінде ерікті түрде орындамайтындар да бар. Егер сот шешімі белгіленген уақытта ерікті түрде орындалмаса, алғашқы сатыдағы сот ақшалай айыппұл салады. Заңнаманың 127-бабында ақшалай өндіріп алудың мөлшері көрсетілген. Бұл жаңашылдықтың мақсаты мемлекет атынан шығарылатын сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ету болғандықтан, сот шешімді орындамағандарға ақшалай айыппұлды бірнеше рет қолдануы мүмкін.Кез келген даудың өзара бітіммен, ортақ келісіммен біткенін қалаған бабаларымыз «Жау мен дау егіз», «Дау қуған пәлеге жолығады» деп ұрпағын жамандықтан сақтандырған. Бабалардан қалған сол игі іс, бітімгершілік дәстүрі бүгінгі күнге де жетті. Қазір әкімшілік соттың судьялары да жария-құқықтық даулар бойынша тараптардың татуласуына, кикілжіңді бітімгершілікпен аяқтауына қолдан келгенше көмектесіп келеді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде дауды ұлғайтпай, тараптарды әуре-сарсаңға салмай шешудің де тетігі қарастырылған.
Осы ретте кодексте сотқа дейінгі тәртіптің енгізілуі – оң бастама болғаны анық. Бұл жаңашылдықтың негізгі бағыты – жеке және заңды тұлғалар әрекеті мен әрекетсіздігіне шағым келтіріп отырған әкімшілік органдарға өз қателіктерін, кемшіліктерін жоюға мүмкіндік берілуден көрінеді. Себебі, шағым алдымен әкімшілік актіні қабылдаған органға түседі. Егер шешім қабылдаған төменгі сатыдағы орган өзінің қатесін жөндегісі келсе, ол шағымды жоғары тұрған органға жолдамай-ақ қарап, қолайлы акт шығаруға құқылы. Яғни, егер шағым қанағаттандырылуға жатады деп тапса, қателігін түзеп, қолайлы акт қабылдаса, шағым әрі қарай жоғарғы тұрған органға жолданбай, дау сол сатыда шешіледі. Мұндай өзін өзі бақылау механизмі біртектес әкімшілік актілерді қабылдауға және азаматтардың уақытын үнемдеп, бұзылған құқықтарын жылдам қалпына келтіруге мүмкіндік береді.Қазіргі кезде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жаңалығын, маңызын түсіндіру бойынша ақпараттық, құқықтық іс-шаралар кең сипат алуда. Мұндай жұмыстардың заңның пәрменін арттырып, қолданылу аясын кеңейтуде маңызы зор. Әсіресе, сот актілерін орындауға қатысты жаңашылдықты кеңірек насихаттаған жөн. Өйткені, сот шешімінің орындалуы – сот еңбегінің далаға кетпейтінін, төреліктің текке жасалмағанын көрсетеді. Сот бақылауы – сотқа деген сенімді нығайтудың тетігі.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Жүсіпова