Шымкентте мас ер адам кинотеатрға келушінің көлігін ұрлап кеткен

Әл-Фараби ауданының полицейлеріне қаладағы жеке кинотеатрлардың бірінің маңында тұрған Mercedes-Benz Sprinter көлігінің ұрланғаны туралы хабарлама түсті.

Ауыр жұмыс күнінен кейін қалыңдығымен кино көруге бел буған қала тұрғыны көлігінің ұрланғанын біліп, бірден 102-ге хабарласқан.

Көлік ұрысын ұстауға №766 автоэкипаж бағытталды. Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары патрульдік полицейлерге ұрланған көліктің қозғалыс бағыты туралы хабарлап отырды.

Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талаптарына бағынбаған ер адам жасырынуға тырысып, газды басып отырған. Ол бірнеше минуттан кейін Қаратау ауданындағы көшелердің бірінде ұсталды.

– Медициналық куәландыру қорытындысы ер адамның мас болғанын көрсетті. Осы құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды-, дейді ППП-нің қызмет инспекторы Ғабит Әбдірахман.

Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының тергеушілері бөтеннің көлігін заңсыз иемдену жайты бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.