Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі еліміздегі ең жарқын және мерейлі мейрамдардың бірі. Себебі Қазақстан 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырағына айналды. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері Қазақстанды өз жерім деп біліп, қазақ халқын туғанындай көреді. Олар осында өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік алды.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі. Жалпы елімізде бұл мерекенің пайда болуына ел халқының ұлттық құрамының ерекшеліктері мен өзгерістері бірден-бір себеп болды. Қазақстан аумағында тұрып жатқан этностардың барлық топтары тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажет. Сондықтан бұл мейрамның маңызы зор.
Түркістан облысы түрлі тағдырмен киелі қазақ жеріне еріксіз жер аударылған және бұрыннан осында мекен еткен этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған.
Бүгінгі таңда облысымызда 50-ден астам этностың өкілі тұрады. Сондай-ақ, 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Атап айтқанда олар – өзбек, славян, түрік, күрді, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзербайжан, грек және «Ынтымақ» этномәдени бірлестіктері. Аталған бірлестіктердің аудандар мен қалаларда 4 филиалы мен 23 өкілдігі жұмыс атқаруда.
Этномәдени бірлестіктер мүшелері түрлі мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, көпшілікке өздерінің өнерлерін ұсынады. Өңірде өтетін мерекелік шараларда қолөнері мен ұлттық тағамдарынан жасайтын көрмелері де көпшіліктің көңілінен шығуда.
Елімізде татулықты сақтауда жасалып жатқан жұмыстар бірлігіміздің бекем екенінің жарқын көрінісі іспетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастар саласындағы барлық құрылымдардың жұмысын, оның ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі көптеген этномәдени бірлестіктерді дамыту жұмысын үйлестіреді. Мұндай мәдени орталықтар барлық қалалар мен елдімекендердегі Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өтетін салтанатты іс-шаралардың басты ұйымдастырушылары болып табылады.
Осы орайда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары ғылыми-сараптамалық, ақпараттық-насихаттық бағыттарда жұмыс атқарады.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында ақсақалдар, аналар, медиация кеңестері, Ғылыми-сарапшылық топ, Журналистер мен блогерлер клубы және «Ассамблея жастарының» ел бірлігін нығайту жолындағы жұмыстарын облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі үйлестіріп отырады. Бүгінде этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандардағы елді мекендерде тұрғындар арасында сауалнамалар жүргізіліп, фокус-топтық кездесулер өткізілуде.
Татулық пен тұрақтылықтың мекені болған тәуелсіз елімізде қызмет ету кімге де болса биік мәртебе, үлкен абырой. Өзге елдерге бейбітшіліктің ерен үлгісін көрсеткен ел ретінде бізді әлем таниды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дипломатиялық саясаты құптарлық. Татулыққа жетер байлық жоқ десек, сол татулықтың отаны болған елімізде береке мен бірлік салтанат құрса деген тілек бәріміздің жүрегімізде болуы шарт.
Жалпы, 1 мамыр – бейбітшілік бастауы. Осы мейрамның үлкен деңгейде өтуі арқылы дүниежүзі елімізді құрметтеп сыйлайды. Сондықтан да атаулы датаның салмағы үлкен екені айтпаса да түсінікті. Татулықтың символы болған бұл күнге деген құрмет қашанда ерекше болып қала бермек.
Бұл мейрам – бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін әлемге танытуда дәстүрге айналады деп ойлаймын.
Эльмира ЖАНҒАЗИЕВА, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы