Ауылшаруашылығын дамыту өзекті мәселе болып табылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бүгінде қаламызда ауыл шаруашылығын дамытуда кешенді жоспарлар жүзеге асырылып жатыр. Қазір қала аумағында 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал басы және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Мұндай жоспарлардың мақсаты қала тұрғындарының табыстарын арттыруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектесу болып табылады. Сондай-ақ өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, қала халқын табиғи өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Шымкентте ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 7 айда 26 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артқанын байқауға болады. Оның ішінде, әсіресе, мал шаруашылығы бағыты бойынша өсім қарқынды. Нақтырақ айтар болсақ, шымкенттік фермерлер мен диқандардың өткен 7 айда өндірген өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра қарағанда 4 пайызға артып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады.
Соңғы жылдары экономикаға тартылған инвестиция көлемінің артуы бойынша Шымкент қаласы республикада алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны белгілі. Нақтырақ тоқталып өтетін болсақ, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғалы бері, яғни, 2018-2022 жылдары аралығында шаһар экономикасына 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның үстіне бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді.