Тіл ұлт, мемлекет үшін – тәуелсіздіктің тірегі, дербестіктің символы. Тілдің қалыптасу тарихы халықтың өткенімен тікелей байланысты. Елімізде 130-ға жуық ұлт өкілдері тұрады. Бүгінде солардың барлығы елімізде ана тілінде білім алуға, салт-дәстүрін дамытуға және ұлттық нақышта тұрмыс құруға құқылы. Бұл мереке еліміздегі ұлттардың теңдігі мен бірлігін дәріптейді. Жүзден астам этнос өкілдері мекен ететін Қазақстан үшін қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтерілуі – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, тілді ел тұтастығын берік ете түсетін негізгі күшке айналдырады. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», – деді.
Қазақстандағы Тілдер мерекесі, бұл — елдің мәдени және тілдік әралуандығын ардақтау мен нығайтуға арналған айрықша мейрам. Маңызды мереке жыл сайын 5 қыркүйекте атап өтіледі.
5 қыркүйек – қазақтың ұлы ағартушысы, тіл маманы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Сондықтан Тілдер мерекесі Ахмет Байтұрсыновтың еңбегімен тығыз байланысты.
Айтулы һәм мерейлі мереке қарсаңында Сайрам ауданында да «Мемлекеттік тіл— Қазақстан халқын біріктіретін тіл» атты салтанатты іс-шара өтті. Аудандық Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйіндегі жиында алдымен Тілдерді оқыту және жекеменшік «Лидер», «GES» оқыту орталықтарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ал, аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің тыныс-тіршілігі бейнероликпен бейнеленді.
Мұнан соң мерекелік басқосуда Сайрам ауданының Құрметті азаматтары, тіл жанашырлары Амангелді Қабылбеков, Әлібек Байназар қалың қауымды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сайрам аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев тіл саласында елеулі еңбек еткен 13 азаматты марапаттады.
Марапат төрінен табылған мамандардың бірі, аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Жанар Нарботаеваға ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісі табысталды. Бұл — оның оқырмандарды кітап әлеміне жалықпай жетелеп жүрген еңбегі мен ұлттық дәстүр-құндылықтарымызды дәріптеуде жеткен жетістігі деп білеміз.
Мерекелік дидарласу тіл мен рух туралы, отаншылдық туралы әндерге, өлеңдерге ұласты. Мың бұралған билер мен флешмоб жиынға келгендерді ерекше күйге кенелтті.