Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттің органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік басқару жүйесіне, экономикаға және қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер ететін үлкен проблема. Ол тек қана ақша мен мүлік ұрлаумен шектелмейді, сонымен бірге мемлекеттік қызметтерді тиімді пайдалану, әділеттілік, ашықтық пен заңның үстемдігін бұзады.
Шымкент қаласының Еңбек мобильділігі орталығында халыққа қызмет көрсететін қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде кесте бекітіліп, бүгінде жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Осы ретте, Тұран ауданының мансап орталығында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерін болдырмау мақсатында жиын өтті.
Жемқорлықпен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігінде. Адамдар сыбайлас жемқорлықтың салдарын жақсы түсінуі және оған қарсы тұруы керек. Жиында пара алу, пара беру секілді заңбұзушылықтар мен қызметін асыра пайдаланып, алаяқтық жасауға берілетін жазасы, оның мемлекет пен халыққа тигізетін зардабы жайында түсіндірілді. Және, сыбайлыс жемқорлыққа жол бермеу азаматтық борыш екенін насихатталды.