Түркістан қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі жүзеге асуда. Қалалық Мансап орталығының мәліметі бойынша, жыл басынан бері 715 тұрғын «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, кәсіп бастауға ниет білдірді. Бұл туралы Мансап орталығының «Кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығының ұтқырлығын арттыру бөлімінің» басшысы Нұрдәулет Бекмұратұлы бүгінгі тікелей эфирде хабарлады.
Эфир барысында Нұрдәулет Бекмұратұлы жергілікті тұрғындардың кәсіп бастау жолында алған білімдері мен дағдыларының бизнеске жол ашатынын атап өтіп, осы бағытта қалалық Мансап орталығы атқарған жұмыстарды баяндады. Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлік бастаманы қолдауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Жобаны оқу барысында тұрғындар кәсіпкерліктің негізгі қағидаларын меңгеріп, бизнестің барлық аспектілері бойынша теориялық білім алады. Осы жобаның аясында өткен 7 айда 719 адам тіркелген, оның 715-і оқуды толық аяқтап, өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыруға қадам басты. Қазіргі таңда оқуды жалғастырып жатқан 4 адам өз бастамаларын дамытуға бет алған. Жоба қатысушылары негізінен қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында кәсіп ашуды көздейді.
Одан бөлек, Бастау Бизнес жобасы аясында кәсібін бастау үшін мемлекеттік грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған 143 тұрғын бар. Бұл қаражат оларды бастапқы кезеңде қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, өз кәсіптерін сәтті жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Түркістан қаласында бизнес идеяларды қолдауға арналған түрлі мемлекеттік жобалар мен қаржылық қолдау тетіктері қарастырылған. Осы мақсатта, Мансап орталығы кәсіпкерлерді ақпараттандырып, оларға бизнес жүргізудің тиімді жолдарын көрсетуде.
Эфир барысында Нұрдәулет Бекмұратұлы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, Түркістан қаласында кәсіп бастау үшін қажетті білім мен қолдау мүмкіндіктерінің жеткілікті екендігін айтты. Мансап орталығы жергілікті кәсіпкерлерге арналған кеңестер мен тренингтер өткізіп, оларға маркетинг, қаржылық жоспарлау және басқа да қажетті аспектілер бойынша көмек көрсетеді.
Түркістан қаласының әкімдігі мен Мансап орталығының бірлескен жұмыстарының арқасында, шаһарда кәсіпкерлік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіпкерлікке арналған курстар бизнестің жаңа үлгілерін енгізуге, тұрғындардың табыс көздерін арттыруға септігін тигізуде. Әсіресе жастар мен жұмыссыз азаматтар үшін жаңа кәсіп бастау маңызды әлеуметтік қолдауға айналды.
Жалпы алғанда, Түркістан қаласында кәсіп бастауға ниет білдірген тұрғындар саны өсуде, ал бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуына әсер етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Сонымен қатар, тұрғындарды бизнеске баулудың тиімді жолдары көптеп табылып, қалада шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасалуда.