Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар өңірдегі ауыл шаруашылығын жандандыруға, жайылым жетіспеушілігін жоюға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Түркістан облысының жер қатынастары басқармасы мен облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің бірлескен жоспарлары аясында ауданда жалпы көлемі 1000 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекетке қайтару көзделген. Осы бастамалар аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
Бұл жұмыс былтырғы жылдың қараша айында құрылған облыстық арнайы жұмысшы топтың аудандағы жайылымдық жерлерге жүргізген кешенді зерделеуі нәтижесінде басталған болатын. Зерттеу барысында жалпы көлемі 8414 гектар жайылымдық жердің тиісті мақсатына сай пайдаланылмай отырғаны анықталған. Кейінгі нақтылау барысында бұл көрсеткіш 5277,22 гектарды құрап, оның 2642,72 гектары жалға берілген, ал 2634,5 гектары жеке меншікке өтіп кеткені белгілі болды.
Жалға берілген жерлерге қатысты аудандық жер қатынастары бөлімі 50-ге жуық жер пайдаланушыға ресми ескерту хаттарын жолдап, бір айдың ішінде жерді игеру немесе өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдауға шақырды. Берілген мерзім ішінде тиісті шаралар қабылданбаса, шартты бұзу жөніндегі талап-арыздар сотқа жолданады. Ал жеке меншікке берілген, бірақ нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша іс облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің құзырына өтеді. Бұл жағдайда да мәселе сот тәртібімен шешіліп, жер телімдері мемлекет иелігіне қайтарылады.
Жергілікті жерлерде де бұл бағытта оң бастамалар бар. Мәселен, Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан 61,07 гектар жайылым жерді “Конус и Ком” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз еркімен мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдап, тиісті құжаттар сотқа жолданған. Мұндай қадамдар өзге жер иеленушілерге де үлгі болары сөзсіз. Бұл — жер мәселесіне қатысты жауапкершілікті терең түсінудің, заңға деген құрметтің және қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі.
2024 жылдың басынан бері аудан бойынша 83,84 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл — атқарылып жатқан нақты істердің, тұрақты бақылау мен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, оларды айналымға енгізу басты міндеттердің бірі болып қала бермек. Бұл үшін аудан әкімдігі мен тиісті уәкілетті органдар өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, жер мәселелерін әділетті әрі заң аясында шешуге күш салып отыр.
Жер — ел игілігі, ұлттық байлықтың негізі. Оны тиімді пайдалану — ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартудың кепілі. Сол себепті пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз иеленген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару — ауыл болашағы үшін жасалып жатқан стратегиялық әрі өміршең қадам. Сайрам ауданында қолға алынған бұл бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға сеп болары сөзсіз.