Мәдени мерекеге айналған Музей түні

Музей түні

Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» жобасы Шымкент қаласында биыл ерекше ауқымда аталып өтті. Бұл күні көне Шымқала тағы да рухани өмірдің орталығына айналып, қала қонақтары мен тұрғындары тарихтың терең қойнауынан сыр шерткен тылсым кештің куәсі болды.

Бүгін қаланың музейлер бірлестігіне қарасты «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырылған «Тарих қойнауындағы Шым қала» атты мазмұнды әрі көркем іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарын өткеннің ізімен жетеледі. Кешкі сағат 18:00-де басталған шара көрерменге өткен мен бүгіннің арасын жалғаған жіптей әсер қалдырды. Іс-шара шымылдығы «Шым қала жәдігерлері» атты жаңа экспозициялық залдың ашылу салтанатымен түрілді. Бұл зал тек жәдігерлер жиынтығы емес, мыңжылдық тарихтың үнсіз куәсіне айналды. Мұнда 2017–2020 жылдары Шымкент қала жұрты аумағында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде табылған құнды мұралар мен биыл Бозарық индустриялық аймағындағы зерттеулер барысында табылған көне керамикалық бұйымдар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шара аясында келушілерге арналған мазмұнды мәдени бағдарлама да назардан тыс қалмады. Шебер қолөнершілер жәрмеңкесі, түрлі шеберлік сағаттары мен креативті экскурсиялар кештің әсерін еселей түсті. Этнографиялық бағыттағы «Келі-келсап түю тарихы», «Құрақ көрпе құрау» мен «Садақ ату» шеберлік сабақтары ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға бағытталған игі қадам болды. Сонымен қатар, өнерсүйер қауымға арналған концерттік бағдарлама мен «Жұлдызды гид» жобасы да көпшілік көңілінен шықты.

Айта кетерлігі, қала тұрғындары мен қонақтары Шымкенттегі бірнеше музейде арнайы дайындалған театрландырылған қойылымдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде Ж. Шанин атындағы қазақ драма театры, Ерлік музейінде Орыс драма театры, Хәкім Абай музейінде Опера және балет театры, ал Сайрам музейінде Өзбек драма театры шынайы әрі жанды көріністер арқылы көрермендерді тәнті қылды. Бұл қойылымдар әр музейдің тақырыптық бағытымен үйлесіп, тарихи шындық пен көркем өнердің тоғысын паш етті.

Ауқымды жиынға музей ісінің мамандары, тарихшылар, археологтар, өнертанушылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Іс-шара барысында «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің «Қарахан тұрғын үй кешені» мен «Ұстахана» экспозиция залдары арқылы экскурсиялар өтіп, әр бұрышында ұлт тарихының ізгілік жолы көрсетілді.

Соңғы жылдары кең ауқымда аталып өтіп келе жатқан Халықаралық музейлер күні – адамзат өркениетінің жадына құрмет білдіріп, өскелең ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолындағы мәдени үндестікке негізделген маңызды іс-шара. 1977 жылы Музейлердің халықаралық кеңесі бекіткен бұл дата бүгінде дүние жүзінің түкпір-түкпірінде атап өтіледі. Шымкенттегі музей қызметінің қарқынды дамуы, тарихи жәдігерлерге деген қызығушылықтың артуы – бұл ұлттың өткеніне құрметпен қарап, болашағына нық қадам басуының жарқын дәлелі. Атап өткенде, 2003–2020 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде көне Шымкенттің Ескі қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналып, 2021 жылдың 1 мамырында «Шым қала» тарихи-мәдени кешені ретінде ресми ашылған болатын. Бүгінде бұл кешен – руханияттың ордасы, тарих пен мәдениеттің алтын көпірі саналады. Ал Музей түнінде келушілер тарих тіріліп, өнер сөйлеген сәттерге куә болады. Демек бір сәтке өткенге үңіліп, келешекке ой тастаған бұл кеш шын мәнінде мәдениеттің мерекесіне айналды.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»