Өрт – тілсіз жау. Оның салдарынан түрлі қайғылы жағдайлар орын алуда. Әсіресе жылыту маусымында жеке тұрғын үй секторларында қатты отынмен жағылатын пештерді және электр жылытқыштарды қолдану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына баса назар аудару қажет. Өрттердің жиі шығу себептері пештің қатты қызуынан, қаланған кірпіштерде жарықтардың пайда болуынан, от тұтандыру үшін жанғыш және тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалану нәтижесінен, пеш ауызынан шоқтардың түсіп қалуынан орын алады.
Пешпен жылытуда қауіпсіз және ұзақ пайдалануы үшін, келесі талаптарды есте сақтаған жөн: пеш және басқа да жылыту құрылғылары тұтанғыш заттардан алысырақ орналастыруы тиіс, сондай-ақ пеш алдындағы еденге, көлемі 0,5х0,7м қаңылтыр орантылуы қажет. Жанып тұрған пешті бақылаусыз қалдырғаннан жиі өрттер болады. Қатты аяздарда пешті ұзақ пайдалану, оның жекелеген бөліктерінің қатты қызып кетуіне әкеп соқтырады. Егер осы қатты қызып кеткен бөліктері ағаш қабырғалар немесе жиhаздарға тиіп тұрса, өрттен қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан пешті күніне 2-3 рет, 1-1,5 сағаттан гана жағу ұсынылады. Пешке жақын және тікелей оның үстінде, тұтанғыш мүліктер мен материалдарды сақтауға, киім кептіруге болмайды.
Жылыту маусымы алдында, пештерді және түтін тарту жолдары жағдайының дұрыстығын тексеріп, ыстан тазалап, жарықтары болса, құм-саз сылағын жүргізіп, түтін мұржаларын әктеген жөн. Бөлме пештерінің түтін жолдарына жиналатын күйелерді, үш ай сайын тазалап тұрған жөн. Температураның төмендеуіне байланысты, электржылытқыш құрылғыларын қосу көбейе бастайды, тиісінше электр желісіне күш түседі. Жиі пайдалану салдарынан табиғи ескіруден, жоғары қуатта қолданылған электр желісінің қысқа тұйықталуы, өрттің шығуына әкелуі мүмкін. Сондықтан да өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін барлық талаптарды сақтау қажетпіз. Ең бастысы балаларды қараусыз қалдырмауларыңызды, қауіпсіздік ережелерін үнемі олардың естеріне салуларыңызды, төтенше жағдай орын алған кезде «101», «112» шұғыл қызметтердің телефон нөмірлерін жаттатуларыңызды сұранамыз.
Қателіктер қайталанып, өкініштен бармақ тістемейік десек, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындауға ықыласты болғанымыз жөн.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының инженері азаматтық қорғау капитаны А. Бабаш