Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында азаматтарды жеке қабылдау өтті. Қабылдау фронт-офисте ұйымдастырылып, қала тұрғындарының түрлі әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрмыстық сипаттағы ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Әрбір тұрғынның көтерген сауалына нақты жауап беріліп, шешу жолдары бойынша тиісті түсініктемелер берілді.
Әсіресе Қаратау ауданының тұрғындары жол, қоғамдық көлік, ауыз су мен кәріз жүйесі, балалар алаңшалары мен абаттандыру мәселелерін көтерді. Бұл бағыттағы ұсыныстарды мұқият тыңдап, заң аясында атқарылатын жұмыстардың реті түсіндірілді.
Қабылдау аяқталған соң, қала басшысы жедел түрде “Бозарық” саяжайының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Саяжай аумағындағы инфрақұрылымды жақсарту, электр энергиясы мен газ тарту, көлік қатынасы сияқты мәселелер күн тәртібінде қаралды. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер хаттамаға енгізіліп, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, “Нұрсәт” және “Тұран” шағын аудандарының тұрғындары жеке қабылдауда болды. Олар тұрғын үй аулаларын абаттандыру, жарықтандыру желілерін күшейту, балалар мен спорт алаңшаларын салу, санитарлық тазалықты арттыруға қатысты сауалдарын қойды. Әрбір мәселе бойынша заң аясында түсіндірме беріліп, шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.
Азаматтармен ашық диалог орнату – қалалық әкімдіктің басты ұстанымдарының бірі. Мұндай кездесулер тұрғындардың талап-тілектерін жедел тыңдап, шешімін табуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да осындай қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп, әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды. Қала әкімдігі ашықтық пен қолжетімділікті басты қағида ретінде ұстанып, қоғаммен тиімді байланыс орнатуға басымдық бермек. Бұл үрдіс тұрғындардың сенімін арттырып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.