Әскери бөлімдегі танымдық сабақ

Шымкент қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімі өңірдегі ең тұңғыш құрылған өрт сөндіру бөлімі болып табылады. Бүгінде бұл жерде 60-қа жуық маман халыққа адал еңбек етіп келеді. Күннен-күнге көркейіп, үлкейіп келе жатқан миллионды қаланың орталығында орналасқан бұл бөлім күнделікті тілсіз жауды ауыздықтаумен қатар тұрғындарға, сондай-ақ түрлі мекемелердің қызметкерлеріне қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, көмекке сақадай сай болу үшін сабақтар өткізіп, дайындықтарын да пысықтайды. Бөлім бүгінгі кезекте 35748 әскери бөлімінде өрт-тактикалық сабақ өткізіп, қауіпсіздік бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді, бөлімнің арнайы өрт сөндіру командасымен тәжірибеде алмасты. Сабақ барысында жарылыс қауіпі бар нысандарда өрт орын алған жағдайдағы іс-қимыл жете пысықталды. Бөлім бастығының орынбасары азаматтық қорғау капитаны Сержан Абдиханов техникалар мен жабдықтардың артықшылықтары туралы кеңінен айтып, көрсетіпте берді. Әскери бөлім ғимараты жеке құрамға таныстырылып, өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Мұндай іс-шараның маңызы зор екендігін сабаққа қатысқандар өз алғыстарымен білдірді.

Қызметтің қоғаммен байланыс тобы