Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев қысқы маусымға дайындық барысын пысықтау мақсатында арнайы жиын өткізді. Басқосуға коммуналдық мекемелердің басшылары, жауапты бөлім жетекшілері мен сала мамандары қатысты.
Аудан аумағында қыс мезгілінде көшелер мен жолдарды қардан тазалау және көктайғаққа қарсы жұмыстарды “Жасыл-Жер Шымкент” ЖШС мен “Қаратау” коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқаратын болады. Осыған орай, жиын барысында техникалардың дайындығы, жұмысшы күші, өндірістік базалардың жағдайы және инертті материал қорының жеткіліктілігі егжей-тегжейлі талқыланды.
Аудан әкімі коммуналдық қызметтердің қысқы маусымға барынша дайын болуын талап етті. Әсіресе, ауа райының қолайсыз жағдайында жедел әрекет ету, жолдарды дер кезінде қар мен мұздан тазарту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Жиында Алмас Абаев коммуналдық мекемелер басшыларына техникалық базаны нығайту, инертті материал қоры мен отын-смай қорын толықтыру, жұмысшылардың қысқы киіммен және құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, кезекшілік кестесін нақтылау, ақауы бар техникаларды дер кезінде жөндеу және тұрғындар өтініштерін жедел қарау қажеттігі атап өтілді.
«Алдағы уақытта коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмі нақты жолға қойылып, апта сайын туындайтын өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешетін боламыз. Қыс – жауапкершілігі жоғары кезең. Сондықтан әр қызметкердің дайындық деңгейі мен кәсіби тәртібі басты назарда болуы тиіс», – деді аудан әкімі Алмас Абаев.
Бүгінгі таңда Қаратау ауданында қар тазалау және көктайғақтың алдын алу бағытында 40-тан астам арнайы техника мен бірнеше жұмысшы тобы дайын тұр. Барлық көлік құралдары тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда қосымша техника тарту жоспары да бекітілген.
Қаратау ауданы әкімдігі қыс мезгілінде қала көшелерінің тазалығын сақтау, жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстайтынын хабарлады.