Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанда экономикалық дамудың басты қағидаты табыстың әділ бөлінуі және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру болуға тиіс екенін атап өтті.

 Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 маусымдағы №908 Жарлығымен Бас Прокурордың төрағалығымен Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша ведомствоаралық комиссия құрылған.

Ведомствоаралық комиссия қала прокуратурасының жанында құрылған, прокуратураның өзінде жұмыс тобы қызмет атқарады.

Қала прокуратурасы басшылығының төрағалығымен бірқатар ведомствоаралық мәжілістер мен алқалар өткізіліп, нәтижесінде белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Бірнеше миллиард теңгеге бағаланатын табиғи монополияның 3 субъектісінің жекешелендіруінің алды алынды.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеуіндегі қылмыстық іс шеңберінде (ҚК 189б. 4б. 2т.) олигополия өкілдерінің жымқырған аса ірі мөлшердегі 747 млн. теңге бюджет қаражатын қайтару қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, жүйелі түрде елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Нәтижесінде бүгінгі күні Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеуіндегі қылмыстық іс шеңберінде Қазақстанға 253 700 Euro немесе 125 млн. теңгенің қайтарылуы қамтамасыз етілді.

Қала прокуратурасының нұсқауымен Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті шетел мемлекеттеріне және біздің елімізге аударылған 50 мың АҚШ долларынан асатын аударымдармен декларацияланған сомалардағы айырмашылықтар бойынша салықтарды өндіру жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінге 20 салық төлеушіге 86,1 млн.теңге сомасына салық қосымша есептеліп, оның 30,1 млн. теңгесі бюджетке төленген.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.