Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ «Жоғарғы медицина колледжі» арасында нашақорлықтың алдын алу бағытында өзара ынтымақтастық туралы меморандум түзілді.
Аталған меморандум аясында полиция қызметкерлері мен медицина саласындағы оқытушылар алдағы уақытта жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлық профилактикасы бойынша жұмыстарды өзара бірігіп атқаруды көздеуде.
Сонымен қатар, колледж студенттеріне ұдайы түрде нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізу, есірткіге қарсы жұмыстарға жұмылдыру, қала аумағында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен өткізу және тағы да басқа іс-шараларды өткізуді жоспарлауда.
Қабылданған меморандум шеңберінде жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру бойынша тағы бірқатар кешенді іс-шараларды жүргізу көзделуде.
Колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Булдырыкова Айнур Қожахметқызы аталған меморандумның қабылдануының маңыздылығын атап өтіп, келешектегі жұмыстардың нәтижелі болуына сеніммен қарайтынын жеткізді.
Нашақорлық індеттің де кеселі қоғамға өзінің кесірін аз тигізбей тұр. Бұл дертпен «ауырған» адамның баратын жері түрме екені белгілі, бірақ соған жетпей қылмыстық әрекеттер жасап, қоршаған ортаға, адамдарға залалын тигізіп бағады. Қазір табиғи есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың айналымы артуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осы мәселе туралы: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», деген еді. Ал 2021 жылғы қыркүйек айында Премьер-Министрдің орынбасары осы мәселеге байланысты арнайы кеңес өткізді. Осындай үлкен кабинеттердегі көңіл аударудың нәтижесінде есірткіге қарсы күрес бұрынғыдан да жандана түсті. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкентте әлі де өз жалғасын табатын болады.