Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қошқар көтеруден рекорд жаңартқан жерлесіміз Азамат Мақұлбековті қабылдады.
Шаһар басшысы білекті спортшыны жаңа рекордымен құттықтап, қашан да спортты дамытуға және елдің мақтанышына айналып, әлі талай биіктерді бағындыратынына зор сенімін білдірді.
«Өткен күзде ғана кездескенімізде рекорд жаңартамын деп уәде еткен едіңіз. Міне, жақында ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) еніп, өңір мерейін үстем еттіңіз. Енді алда әлемдік рекордты жаңарту міндеті тұр. Сізге тек Арыс жұрты ғана емес, бүкіл Қазақ Елі барынша қолдау көрсетеді. Әрқашанда ұлттық спортымызды дамытып, қазақ халқының абыройын асқақтата беріңіз», — деді Гүлжан Мамытқызы.
Кездесуде спортшы Азамат Нұрғалиұлы әлемдік рекордты жаңарту үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Арыстық алып күш иесі Азамат Нұрғалиұлы — 37 жаста. Құрылыс саласында қызмет етеді. Қошқар көтеру сайысына қызығушылығы 2018 жылдан басталып, сол уақыттан бері шұғылданып келеді. Айтуынша, Қазақстан бойынша соңғы рекорд Алматы қаласында тіркелген. Ол кезде қатысушылардың бірі қошқарды 2019 рет көтерген. Бұл рекордты жаңартқан батыр енді әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынауды жоспарлап отыр.
Шетелдерде өтетін алыптар сайысына әзірленетінін айтып, 5 мың рет муляж көтеру арқылы халықаралық деңгейде Гинесс рекордтар кітабына енуді көздейді. Сондай-ақ өзіне демеушілік көрсеткен спорт жанашыры, Арыс қалалық мәслихатының депутаты Алмас Шүкірбековке ризашылығын білдірді.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 28 мамыр күні өткен шараға Қазақстан рекордтар кітабының (КИнЭС) құрылтайшысы Бақытжан Тастүлеков арнайы қатысты. Қазақстан рекордтар кітабының кейіпкері ретінде енгені куәлік табыстады.