Арыста кикбоксингтен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтуде

Арыс қаласында кикбоксингтен жасөспірімдер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Досымбай атындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Спортық шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, ҚР Кикбоксинг федерациясының бапкері Ернар Омаров, спортшының туыстары және спорт майталмандары қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі көпшілікті спорттық мерекемен құттықтады. Сондай-ақ спортшының ата-анасы мен бапкерлері сөз сөйлеп, жылы лебіздері мен ескірмес естеліктерімен бөлісті.

Байрақты бәсеке бес күн бойы жалғасады. Білектілер мен жүректілер сайысында Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен 15 облыстан 2009-2010, 2011-2012 жылы туған 700-ге жуық спортшы күш сынасуда. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған турнир қаншама талантты жастың шеберлігін шыңдауда. Кикбоксинг додасының жеңімпаздары 5-мамыр күні анықталады.