Ауылдағы өмір сапасы артып келеді

Ауылдағы өмір сапасы

Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов Қайнарбұлақ ауылдық округіне арнайы сапармен барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Шіркін ауылында өткен кездесуде аудан басшысы жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, инфрақұрылым мен су ресурстарын басқару бағытындағы жұмыстарды талқылады.

Кездесуде ауыл әкімі Есбол Дүйсебаев тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істер мен алдағы жоспарлар жайлы баяндады. Соңғы жылдары округтегі ауылдарда ауыз су жүйелерін жаңарту, көшелерді жөндеу және электр желілерін тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Тоған, Ошақты, Сарыарық ауылдарының су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтіп, Қасымбек Датқа ауылындағы 17-Партсьезд учаскесінің тұрғындары да сапалы ауыз суға қол жеткізді.

Сумен қамту – ауыл тіршілігінің өзегі. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, биыл “Қасымбекдатқа–Тоған–Сарыарық” бағытындағы жолдар мен құбыр желілерінің бір бөлігі жаңғыртылады. Мұның бәрі ауылдағы мал және егін шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Себебі су – тіршіліктің ғана емес, өнімді еңбектің де кепілі.

Сондай-ақ Қасымбек Датқа, Таскешу, Құрлық, Шіркін, Ошақты, Асыларық ауылдарының көшелері жөнделіп, ауылішілік жолдардың сапасы едәуір жақсарды. Бұл – тұрғындар үшін жайлылықты арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауда да тиімділік туғызады.

Тұрғындар мал жайылымы, егістік алқаптарға су жеткізу, жерге құжат рәсімдеу, жарықтандыру, аяқ жол салу сынды мәселелерді көтерді. Аудан әкімі әр өтінішке заң шеңберінде жауап беріп, бірқатарын шешуді округ әкімі мен бөлім басшыларына тапсырды.

Ауыл – елдің алтын бесігі. Ауылдағы әрбір өзгеріс, әрбір жетістік – елдің ертеңіне бағытталған нақты қадам. Мал және егін шаруашылығының өркендеуі, жайылым және жер мәселесінің жүйелі шешілуі, ауыз су мен инфрақұрылымның жақсаруы – бұның бәрі аудан әкімдігінің ауыл өміріне бейжай қарамай, болашаққа сеніммен қарап отырғанын білдіреді.

Сайрамдықтар бүгінде ауылдың көркейіп, инфрақұрылымның жаңарып жатқанына куә. Халықтың тілегі мен басшылықтың ұстанымы бір арнада тоғысып, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек.