Түркістан облысы полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының ұйымдастыруымен азаматтарды қабылдау бөлмесінде «Ашық есік күні» өтті. Аталмыш акцияның мақсаты — ішкі істер органдарына қызметке тұруға ниеті бар талапкерлерге, жас білімгерлерге бағыт-бағдар көрсету.
Ашық есік күніне 40-тан астам жастар келіп, ішкі істер саласына қызметке орналасу үшін қандай құжаттарды жинау керегін, қандай мамандықтарға бос орындардың бар екенін біліп, тәжірибелі мамандардан кеңес алды.
«Ағымдағы жылдың қазан айында Түркістан облысы полиция департаменті 40-тан астам бос орынға конкурс жариялауда. Сондықтан жасы 18-35 жас аралығындағы, жоғары білімі бар азаматтарды ішкі істер қызметкері қатарына қосылуға шақырамыз. Берілген мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар.
Бүгінгі жастар – бәсекеге қабілетті, қызметте жауапты. Ал бұл шара жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға өз септігін тигізеді»,- деп атап өтті Кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров.
Өз кезегінде облыс сақшылары мұндай акцияларды жиі өткізу тәртіп сақшысы болуға қызығушылық білдірген азаматтардың жұмысқа тез арада орналасуына айтарлықтай септігін тигізеді деп сенеді. Сонымен қатар облысымыздың тәртіп сақшылары ашық есік күніне қатысқандардың барлығына дерлік алғыстарын айтып, сәттілік тіледі.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі