Құтқарушылардың жұмысы әрдайым қауіп-қатерге толы. Жауапкершілігі зор, қиын да күрделі мамандықтың иелері құтқарушы болу оңай емес екенін білсе де өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Алайда сол құтқару жұмыстарын жүргізетін жандардың денсаулығының мықты болуы аса маңызды. Әрбір кезекшілікте мұны бақылап отыратын мамандар бар. Олар құтқарушы- медбикелер. Шымкент қаласындағы жедел-құтқару жасағында бұл қызметті Минура Маханова атқарады. Минура Усеновна 1998 жылы Шымкент Медициналық колледжін «Мейірбике ісі» мамандығын тәмамдап, өз мамандығы бойынша медицина саласында 4 жылдай қызмет етіп, 2005 жылы азаматтық қорғау органына жұмысқа орналасады, содан бері 17 жылға жуық құтқарушылардың күнделікті денсаулығын қадағалап, тиісті көмек көрсетіп жүр. Ол күнделікті ауысымға түсетін қызметкерлердің денсаулығын тексеріп, қызметкерлерге дәрігердің тағайындауымен берілген нұсқамалар бойынша дәрі егу, көк тамырға тамшылату, жара таңу сияқты қызметтерді де жасайды. Сондай-ақ құтқарушылармен бірге мектептерге және жағажайдағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатысады, жеке құрамға зардап шегушіге алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша топтық, тәжірибелік сабақтар өтеді. Құтқарушылармен бірге оқу-жаттығу жұмыстарына да белсенді қатысады. Өзінің тиянақтылығы мен кәсібилігінің арқасында ұжымда сыйлы Минура Усеновнаны көктемнің алғашқы күндерімен келетін Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбекте табыс, сәттілік тілейміз!
О.Туртбаев Қызмет бастығының орынбасары, әрі жедел-құтқару жасағының басшысы-құтқарушы