Өрт сөндірушілер әрдайым көмекке дайын. Олар адам өмірі мен оның материалдық құндылығын түрлі жағдайлардан құтқаруды өз міндеті деп білетін батыл жандар. Мұны шымкенттік өрт сөндірушілер кішкентай бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалып, тағы да дәлелдей білді.
Бұл оқиға Көкшетау қаласында орын алды. 2021-2022 оқу жылына арналған оқу кестесіне сәйкес қашықтықтан оқыту факультетінің 5-курс курсанттары қорытынды мемлекеттік аттестаттауға қатысу үшін еліміздің түрлі өңірінен Көкшетау қаласындағы М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына барған болатын.
Кешкі сағат 18.00-дер шамасында 2022 жылдың 4 сәуірінде көп қабатты тұрғын үйдің жанынан өтіп бара жатқан шымкенттік өрт сөндірушілер А.Кульбаев, Н.Рахым, К.Альменов үйдің жанында адамдардың жиналып қалғандығын көріп келгенде бесінші қабатта орналасқан пәтердің терезесін ашып төменге қарап, ескертулерге еш назар аудармай тұрған баланы көреді. Сол кезде баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын көрген А.Кульбаев, Н.Рахым тез арада жоғары қабатқа көтеріліп, К.Альменов баланың назарын аударып тұрады. А.Кульбаев, Н.Рахым бесінші қабатқа көтерілгенде үйдің есігі құлыпталып тұрғанын байқап, көрші пәтерге келіп жағдайды түсіндіріп, көрші пәтердің қылтимасы арқылы Абылай Кульбаев бала тұрған терезеге өтеді, сол сәтте Рахым Нұрболат әріптесіне өтуге көмектеседі. Өрт сөндірушілер осылайша дер кезінде еш қауіпке қарамастан, бірлесе әрекет етіп баланың өмірін құтқарып қалды. Жалғыз қалған баланы үлкен қауіптен аман алып қалған өрт сөндірушілерге оқиғаға куә болғандар өз алғыстарын білдірді.
Өз өмірін қатерге тігіп, баланы құтқарып қалған №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы А. Кульбаев Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі №136 бұйрығымен «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны және адам өмірін аман алып қалғаны үшін» меделімен марапатталды.
Шымкент қ.ТЖД қоғаммен байланыс тобы