Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу – басты мақсат. Отаншылдық- сонау ерте замандардан қалыптасып келе жатқан қасиетті сезім. Отансүйгіштікке тәрбиелеу ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жас өскіннің ішкі жан дүниесі, ой санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек. Отансүйгіштік сезім өрге бастайтынын өз ұлтымыздың тарихы дәлелдеп келеді.
Осы орайда Шардара аудандық мәдениет үйінде Шардара қаласының тумасы, талантты жас әнші Мөлдір Жоламанова атындағы «МӨЛДІР -ҮМІТ» облыстық балаларға арналған ән байқауы өтті.
Білім мен өнерді қатар алып, ерекше дарынды Мөлдір Жоламанова кішкентайынан көпшілікке сүйкімді қыз, озат оқушы ретінде таныла бастаған болатын. Өлең жазып, ән айтып, көркемсөз оқу шеберлігін шыңдап, жеке тұлға болып қалыптасып келе жатқан шағында өкінішке орай, өмірден ерте озды.
Мөлдір Жоламанованы еске алумен қатар, жас талант иелерін анықтау, дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу мен ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау өнерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға Сайрам ауданының жас әншісі Нұрғали Нұрбек қатысып, бас жүлдені иемденді.
Жас дарын иесі Нұрғали Нұрбектің бойындағы өнеріне бірінші кезекте ата – анасы Омаров Тимур Нұрғалиұлы мен Тажибаева Салтанат Мейірбекқызы аса жоғары жауапкершілікпен қарап, айрықша назар аударуда. Сонымен қатар, өнер жолындағы ұстазы № 20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі Қарлығаш Жумадиллаева апайының еңбегі ересен. Ал, аудандық мәдениет үйі жас өнерпаздың үлкен сахналарға шығып, танылуына өз септігін тигізіп, материалдық қолдау көрсетуде.