Жас ақындар мен қылқалам шеберлері арасында байқау өтті

Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өнуі, әлемде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты. Дарындылық — адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Қазіргі кезде барлық балалар дарынды. Тек олардың осы қасиетін байқап анықтай білу керек. Дарынды баланың жасаған жұмысына қолдау көрсету де оның болашағына ерекше әсер береді. Дарынды балаларға қолдау көрсетіп, олардың талантын ашу біздің міндетіміз.   

Бүгін Шымкент қаласында «Қаратау дәстүрлі өнер мектебі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі және Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Елдіктің суреткері» жас ақындар мен қылқалам шеберлері арасында аудан әкімінің жүлдесіне арналған байқау өткізілді.

Байқаудың мақсаты — талантты әрі дарынды жастарды қолдау, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиет қалыптастыру, олардың болашаққа деген қабілетін ынталандыру.

Байқаудың ережесіне сәйкес жас ақындар мен қылқалам шеберлері өзара топтасып, патриоттық тақырыпта сурет салумен және жаңа өлең шығарумен сайысқа түсті.

Ерекше форматта өткен байқауда ақындар мен суретшілер белсенділік танытты.

Нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды Азамат Мүтәлі, Хасан Ғаниев, Жанерке Сапархан, Ерғалым Арай иеленсе, ІІ орынды Ақжан Тұрғын, Нұрай Ерғалым, Нұрайлым Бекмұратқызы, Нұралы Айзере өзара бөлісті.

Ал, Айжанар Жанұзақ «Ауыл» картинасымен, Шұғыла Ермахан «Аңсау» өлең жолдарымен І орын тұғырынан табылды. ​Байқаудың бас жүлдесі «Отаным» атты жыр жолдарымен көпшілікті тамсандырған дарынды ақын Мадина Хакимжановаға және «Отан» картинасымен көзге түскен жас суретші Дастан Икрамидинге бұйырды.