Ауданға қарасты «М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі» ЖШС-інің базасында «Бейімдеу моделі негізінде жұмыс жүргізудің әдістемелік жүйесі» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар өтті.
Аталмыш семинар облыстық білім беруді дамыту орталығының «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалдық сауаттылық, патриотизм» тақырыбындағы онкүндігі аясында ұйымдастырылған.
Мақсаты – балаларға мемлекеттік тілді меңгерту арқылы отансүйгіштік рухта тәрбиелеу.
Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері А.Аблаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Шонтукова, білім беру мекеме басшыларының орынбасарлары мен ұстаздары қатысты.
Қазақ халқының ағартушыларының тіл туралы жастарға айтқан орамды ойлары жайлы сахналық көрініс көрсетілді. Келесі кезекте қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен қолөнерін насихаттайтын көрмелер мен мұражайдағы бұйымдар таныстырылды.
Семинардың бағдарламасына сай мектептің тарихы мен жетістіктерін білім ордасының басшысы М.Нуров кеңінен баяндады.
Үш тілде оқытылатын мектепте қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарда ашық сабақтар жоғары деңгейде өтті. Атап айтқанда, бастауыш сыныптарда Х.Дадабаева «Куч бирликда», Л.Низамова «Қозғалысқа берілген есептер», «Жановорлар энергияни қандай олади?» тақырыптарында ашық сабақтар берді. Сонымен қатар, орта буын сыныптарында Н.Арзикулова «Ежелгі адамдардың өміріне саяхат», Б.Бердиярова «Металлдардың жемірілуі және оның алдын алу жолдары», З.Ниязалиева «Рационал сандарды қосу және азайту»; жоғары сынып оқушыларымен Н.Гультораева «Дискрептты және интервалды вариациялық қатарларды құрастыру», Х.Шаметова «Қылмыстық құқықтың басқа құқық салаларынан ерекшелігі неде?», У.Ахназарова «Внешние и внутренние факторы влияющие на транспирацию», Г.Самандарова «Гидродинамика. Сұйықтар мен газдардың ламинарлық және турбуленттік ағыстары» тақырыптарында сабақтарын өткізді.
Білім ұясының мұғалімдері пән бойынша кәсіби біліктіліктері мен шеберліктерін танытты. Сабақ барысында балалардың мемлекеттік тілді білу деңгейінің артқаны, ұлы тұлғаларды қадірлеп, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды қастерлейтіні сезілді.
Шара барысында «Тіл – кемел болашақ тұғыры» атты әдеби кеште қазақ әліпбиі туралы бейнеролик көрсетіліп, содан кейін билердің қазіргі замандағы білім алушыларға тіл туралы айтқан ұлағатты сөздері туралы көрініс сахналанды.
Концерттік бағдарлама жалғасып, өзге этнос және қазақ ұлтының балалары мен ұстаздары өнерлерімен көпшілікті тәнтті етті.
Қорытындылау кезінде облыстық орталықтың әдіскері Ақмарал Еламанқызы тәжірибені өңір және республика көлемінде таратуды, аралас мектептердің ішінде ең негізгі тірек мектебі ретінде танылуын ұсынды. Өз сөзінде оқыту үрдісінде оқытушылардың жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып отырғаны, балалардың білім алуына және рухани дамуына мектепте қажетті жағдайдың барлығы жасалғанына тоқталды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында жобаға сәйкес жүргізіліп жатқан нәтижелі жұмыстарды атап, мектеп ұжымына алғысын білдірді.
Тәжірибе алаңында жиналған білім қызметкерлері оң пікірлерін білдіріп, жақсы әсер алғандарын жеткізді.
Семинар өз мақсатына жетіп, оқушылардың мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығы мен ынта-ықыласы жоғары екенін байқатты.