Кәсіпкерлікпен айналысу әрбір азаматтың еркі. Елімізде мемлекет тарапынан бүгінгі таңда жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында түрлі қолдаулар мен жеңілдіктер жасалынып жатыр.
Шымкент қаласында биыл жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру жобасы басталғалы бері 300-ден астам азаматтан өтініш түскен. Бүгінгі таңға 164 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 129 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап кетті.
Жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарлары бүгін кезекті комиссия отырысында қаралды. Жиында шағын несие алуға үміткер 40 азаматтың бизнес-жобалары тыңдалды. Нәтижесі бойынша хаттама түзілуде. Жастардың басым көпшілігі ауыр жүк көлік тасымалы, ірі қара мал бағу мен сауда-саттық дүкендерін ашу идеяларын ұсынуда.
Мемлекетік қолдау 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады.
Таяуда кепілді мүлік түрлерінің тізбесі де кеңейтілді. Кепілмен қамтамасыз ету ретінде қосымша екінші деңгейлі банк шоттарындағы ақша қаражаты; республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік; жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері; жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері; бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері; мамандандырылған техникалар қабылданады.
Жастарға микрокредит беру бойынша толығырақ ақпаратпен және жиі қойылатын сұрақтармен https://www.agrocredit.kz сайтында танысуға болады.
Шымкентте өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет.
Мекен-жайы: Қонаев даңғылы, 3/3