Бұдан бұлай ерекше күтімді қажет ететін жандар тауарлар мен, қызмет көрсету ұйымдарын да өздері таңдай алады

Келесі жылдан бастап ерекше күтімді қажет ететін жандар, арнаулы тауарлар мен қатар, қызмет көрсету ұйымдарын да өздері таңдай алады. Бұл туралы  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Шымкентке жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Министр «Тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, ҮЕҰ өкілдерімен және мүгедектігі бар адамдармен кездесу өткізіп, оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді.

         2023 жылы арбаға таңылған жандарға жағымды жаңалық бар. Осыған дейін мүгедектер арбасы ұзақ жылға берілсе, енді оны мезгіліне қарай ауыстыруға болады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында осы сала қызметкерлері және мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, бұған дейін бұндай мүмкіндік болмағанын айтты.

         «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» мүгедектігі бар азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау мақсатында ашылған. Қызмет алушыларға тоқыма материалдарымен жұмыс, кесте тігу, кітап оқу, ән айту, дәрігерлік кеңес алу сынды көмек түрлері көрсетіледі. Аутизммен ауыратын жандар жыл сайын сырқат екенін дәлелдеу үшін құжат тапсырып сабылса, енді бұл талап алынып тасталмақ. Ең бастысы министр әр отбасыға цифрлық карта жасалу қажеттігін атап өтті.

         Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу барысында  жұртшылық өкілдері мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар жеке көмекшілер көрсететін қызметтердің тарифтеріне, мүгедектік топтарын белгілеуге, жеке оңалту бағдарламаларын орындауға, техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін көрсетуге, сондай-ақ инватакси қызметтеріне қатысты сұрақтар қойды.Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және еңбек инспекцияларын жергілікті атқарушы органдардан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру мәселелері көтерілді.Тамара Дүйсенова барлық қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Ntime.kz