Студенттер экологиялық акция аясында тазалық жұмыстарын жүргізді

тазалық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.

Бүгінгі бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Шымкент қаласында да акция аясында тазалау жұмыстары басталып кетті. Алғашқы бірінші аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, кәсіпорын қызметкерлері аумақтарда белгіленген аулаларды тазалап жатыр. Қазіргі кезде көшелер сыпырылып, арықтар мен жол жиегіндегі қоқыстар жиналуда.

Ағаштардың түптері әктеліп, көгалдандыру жұмыстары да жүруде. Аялдамалар жөнделіп, ретке келтіріліп жатыр. Акцияның бірінші күні тазалық жұмыстары қарқынды жүруде.

Шымкенттіктер өлкеміздің таза болуына, тұрғындардың лайықты өмір сүруіне бірлесіп атсалысуда.

Сондай- ақ бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына орай  «Таза Қазақстан » республикалық акциясы  аясында Шымкент қаласының жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері тазалық жұмыстарын жүргізді.

Атап айтар болсақ «Мирас» және  «Орталық Азия Инновациялық» университеттері  мен  Политехникалық колледж  жастары өз оқу орындарының  алаңын тазалады.

160-қа жуық студент  оқу алаңдарын  сыпырып,  гүлдер мен ағаштардың түптерін қопсытып,  жиналған  қоқыс қалдықтарынан  тазартты. Нәтижесінде, аталған 3 оқу орында 50 кг көлемінде түрлі  қоқыс қалдықтары   шығарылды.

Бүгін тазалық жұмыстарын атқарған студент-жастар алдағы уақытта да тазалық жұмыстарына белсене қатысып, өз өлкесінің тазалығын сақтауға  араласатындықтарын білдірді. Жастардың айтуынша тазалық бір күндік жұмыс емес, сондықтан да  қоршаған ортаның үнемі таза болуына әрбір тұрғын өзін  жауапты сезінсе қаламызда тазалық сақталады дейді.