Індет қаупі сейілмеген қазіргі кезде эпидемиялық ахуалдан өзекті мәселе жоқ деуге болады. Бүгінде коронавирусқа тойтарыс берудің жалғыз жолы вакциналау екенін халықтың басым бөлігі ұғына бастады. Бұл ретте елімізде ақпанда басталған Covid-19-ға қарсы екпе егу науқаны Т.Рысқұлов ауданында қарқынды жалғасуда.
Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының мәліметі бойынша, қараша айының 25 бастап ревакцинацияға ауданға жалпы 5254 доза вакцина жеткізіліп, 25 қаңтарға дейін оның 4493 адамға салынған.
Ал 2021 жылдың 19 қарашасынан бастап 2022 жылдың 25 қаңтарына дейін барлығы 5364 доза Комирнати вакцинасы ауданға жеткізіліп, барлығы 3750 доза вакцина салынды.
Оның алғашқы компоненті 2689 салынса, ІІ компонентпен барлығы 993 салдырған.
Алғашқы компоненттің 2221 — жасөспірімдер, 196 — жүкті әйелдер, 272- бала емізетін әйелдер болса, ІІ компонентті 797 — жасөспірімдер, 82- жүкті әйелдер және 114 — бала емізетін әйелдер салдырып үлгерген.
Барлық егілгендерде вакцинациядан кейін реакциялар мен асқынулар болмаған.
Сондай-ақ ауданда ұжым болып ревакцинаиядан өтуде. Мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, коммуналдық қызмет жұмысшылары халықты вакцина алуға шақырып, бейнеүндеу жолдауда.
Еске сала кетейік, дертті жұқтырғандардың арта түсуіне орай Жамбыл облысы «қызыл» аймаққа енді. Әзірге індетті жеңудің жалғыз әрі төте жолы — коронавирусқа қарсы егілу. Адамдар неғұрлым көп вакцинация алатын болса коронавирустық инфекцияға қарсы иммунитеті қалыптасқан адамдар саны көбейеді, бұл вакцинацияланбаған адамдар үшін де ауырып қалу ықтималдығын азайтады. Яғни, біз ұжымдық иммунитетті неғұрлым тез дамытсақ, соғұрлым тезірек біздің облысымыздың және бүкіл елдің тұрғындары арасында коронавирустың таралуын тоқтата аламыз.
Бүгінгі таңда адамдарды вакцинациялау пандемияны жеңуге және карантинсіз қалыпты өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Ол үшін әр адам санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарын қатаң сақтау қажет.
Осы орайда дәрігерлер былтырғы жағдайдан сабақ алып, қауіптің алдын алу үшін сақтық шараларын естен шығармай, барлық санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтай отырып, өзіңізді және отбасыңыз бен жақындарыңызды қорғауға шақырады.
Вакцинация – мәжбүрлеу емес, жауапкершілікке шақыру. Әрбір саналы азамат өзі, туыстары мен әріптестеріне қауіп төндірмес үшін мүмкіндікті пайдаланып екпе алуы тиіс. Екпе алу – еліміздің әрбір азаматының парызы.
Вакциналау – вирустың таралуын азайтудың және туыстарымен, әріптестерімен, достарымен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралудың жалғыз жолы. Сонымен қатар ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін маска тағу, қашықтықты сақтау, антисептиктерді қолдану сияқты алдын алу шараларын сақтауды жалғастыру қажет.
Мөлдір Тастанбек Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы