Жақында Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ барша қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын көпшілікке таныстырды. Және бұл отандастарымыз үшін маңызды. Ол туралы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» деген Елбасы оны болашақ ұрпаққа мирас ету – ортақ борышымыз екенін баса айтқан болатын. Яғни, елдіктің жеті тұғыры бүгінгі ұрпаққа аманат. Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, жер-халық қазынасы, отбасы мен салт-дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек, прагматизм сынды елдіктің жеті тұғырында баға жетпес құндылықтарды анық айтылған.
ТӘУЕЛСІЗДІК – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. “Әлемде көлемі жағынан 9-шы орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі. Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту. Бұл барша халықтың еңбегімен келеді. Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет” екендігін Елбасы атап айтты. БІРЛІК пен КЕЛІСІМ – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Этникалық әралуандылық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы. Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы. ЖЕР – АТА-БАБА МҰРАСЫ, ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамыз құжат жүзінде бекітілді. Ұлан- ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз. ОТБАСЫ мен САЛТ-ДӘСТҮР – қоғамның алтын діңгегі. Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт. Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата-дәстүрімізді берік ұстануымыз керек. ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ – халықтың рухани тірегі. Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді. Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар рухани байлықтың маңызы зор. БІЛІМ мен ЕҢБЕК – бақуатты өмірдің кілті. Елбасымыз Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру туралы идеясында 5 принцип – эволюциялық даму, ортақ жауапкершілік, өзара серіктестік, ынталандыру мен кәсібилікті атап көрсеткен болатын. Онсыз қоғам көштің соңында қалуы мүмкін. Табыстың кілті – үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде. Адал еңбек қана адамды мұратқа жеткізеді. ПРАГМАТИЗМ — бәсекеге қабілетті болудың кілті. Прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн. Осылайша, біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз. Елдіктің жеті тұғыры дегеніміз – осы!” деді Елбасы. Осы бағытта елдігімізді нығайту жолында тынбай еңбек ете берейік!
Бақтыбек Сауран Арыс аудандық сотының судьясы