Ержан Сейтенов көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты

Ержан Сейтенов

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ержан Сейтенов Ақжайық, Бозарық және Тұран шағынаудандарында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынымен танысты.

Алдымен Ақжайық шағынауданындағы 270 пәтерден тұратын 5 тұрғын үйдің құрылысын аралады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Жауапты мердігер мекеменің мәліметінше, нысандар ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек.

Одан кейін Бозарық шағынауданындағы құрылыс алаңдарына барды. Бұл аумақта жалпы саны 1918 пәтерді құрайтын 36 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 20-сы толық аяқталып, тұрғындарға тапсырылатын болады. Ал қалған 16 үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі болып белгіленген.

Тексеру барысында қала әкімінің орынбасары Тұран шағынауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің де құрылыс қарқынын бақылады. Мұнда жалпы 1404 пәтерді қамтитын 16 үй бой көтеруде. Оның ішінде 10 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталса, қалған 6 үй келесі жылға өтпелі болып отыр.Сонымен қатар, әкім орынбасары тұрғын үйлердің маңайындағы инженерлік инфрақұрылым жұмыстарына да назар аударды. Жоба аясында ауыз су, электр және жылу жүйелері тартылып, аулалар абаттандырылатын болады. Бұл жұмыстар аяқталған соң тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, жаңа шағынаудандардың әлеуметтік келбеті айтарлықтай өзгереді.

Ержан Сейтенов құрылыс жұмыстарымен таныса келе, жауапты мердігер компания өкілдеріне сапаны басты назарда ұстау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген мерзімде аяқтау міндеттелді.

Қала әкімдігі тарапынан тұрғын үй құрылыстарының барысы тұрақты бақылауда болады. Әлеуметтік маңызы жоғары бұл жобалардың жүзеге асуы қала тұрғындарын баспанамен қамту мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосатыны атап өтілді.