Сот – ақ пен қара таразыланатын, ақиқат айтылатын, тура төрелік жасалатын орын. Сот төрелігін атқаруда сот қызметінің алатын орны ерекше. Ол сот табалдыры¬ғын аттаған азаматтарды ілтипатпен қабылдап, ізетпен қызмет көрсетуден басталады. Сотқа келген азаматтарды бірінші қабылдап, жол көрсететін де сот мамандары. Осы тұста Арыс аудандық сотының ардагері, аудандық сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы жолында қалтқысыз қызмет атқарған, бар саналы ғұмырын сот қызметіне арнаған Ұлжалғас Ахметова туралы айтпай кетуге болмайды. Биыл тұңғыш рет енгізілген «Сот және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі» қарсаңында сот ардагері туралы жазып, өнегелі істерін үлгі еткіміз келді.
Саналы ғұмырын бір салаға арнап, 40 жыл аудандық сотта абыройлы еңбек еткен Ұлжалғас Ахметова 1949 жылы Арыс қаласында дүниеге келген. Қаладағы №371 орта мектепті 1966 жылы бітірген соң алғашқы еңбек жолын заң саласынан бастауды жөн санаған Ұлжалғас Ахметова 1969 жылы аудандық сотта сот мәжілісінің хатшысы болып ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті. Кейін 1974 жылы Жамбыл облыстық зооветеринарлық техникумынан ветеренария мамандығын алып шықты.
Аудандық сотта жүріп өзінің ынта-жігері мен қарым қабілетін көрсете білген қабілетін басшылық жоғары бағалады. Ол кезде бүгінгідей компьютер қайдан болсын, барлығын машинкімен, одан қалса қолмен жазып шығатын. Осынау дәуірде сот саласының қайнаған тіршілігіне араласқан Ұлжалғас Ахметова барлық хаттаманы, соттың шешімін, соттың отырысына қатысушы барлық адамдардың өтініштерін, қарсылықтарын, жауаптарын, түсініктемелерін уақытылы әрі сауатты жазып шығатын. Сот саласына алғашқы жағымды пікір қалыптастыруға негіз болуы үшін кеңсе мамандары мінсіз жұмыс істеу міндеттелді. Сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы – мемлекет тарапынан қойылып отырған басты талап еді. Бұл бағыттағы жұмыстар бір мезетке де тоқтаған емес. Ұлжалғас Ахметова жауапты кезеңдерде Арыс аудандық сотының алғыңғы шебінде еңбек ете білді. Айналасындағы әріптестеріне сыйлы, өз ісінің маманы атанды. Өз жұмысын шексіз сүйді. Уақытпен санаспай күн демей, түн демей жұмыс істеді. Түрлі қиындықтарға қарамастан қызметін тоқтатқан емес. Себебі, адамдар сотқа үмітпен қарайды. Еліміздің сот жүйесінде осы саланың беделін арттырып, қарапайым халықтың үдесінен шығу мақсатында қыруар жұмыстар атқарылғанын білеміз.
Ұлжалғас Ахметова аса табандылықпен жұмыс жасағанын сол кездегі жас мамандар жиі еске алып отырады. Қызметтік міндеттерін және берілген тапсырмаларды уақытында тәжірбиелі әрі ұқыпты орындау оның жемісті еңбегінің көрінісі. Әсіресе, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды сауатты да дұрыс пайдалана білетін және мол іс тәжірбиесін жастарға үйретуден жалықпайтын дейді олар.
Өз ісінің білікті маманы болған Ұлжалған Ахметова 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шықса да сот саласынан біржолата қол үзген жоқ. Сот саласынан жинақтаған еңбек тәжірбиесімен мен өмірлік ұстанымдарын жиі бөлісіп тұрды. Тіпті әр мерекеде шаңырағына арнайы құттықтай барғанымызда: «Қызметімнің ең қиын тұстары кеңестік кезеңде өтті. Мәселен, күніне бір ғана сот отырысы болса жақсы ғой, кейде процесс көбейіп кетеді. Сот тарихынан белгілі, бұрын қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бір қазанда қайнап жататын. Сол кезеңде уақытпен санаспай, жұмыс жасадық. Көп жылғы тәжірибемнен түсінгенім, әрбір маман өз қызметіне аса ұқыптылықпен қарап, жанашырлықпен жұмыс жасаса, кез келген саланың дамуы жеделдейді. Сондықтан, қазіргі жастар қай салада еңбек етсе де ең бастысы жауапкершіліктен қашпауы керек», – дейтін сот саласының ардагері.
Кеңестік дәуірдері сот жүйесін көзбен көріп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сот саласының жетілуіне сүбелі үлес қосқан ардагердің еңбек жолы көпке үлгі. Үстіміздегі жылы 73 жасқа қараған шағында дүниеден озған Арыс аудандық сотының ардагері Ұлжалғас Ахметованың сот жүйесінің өркендеуіне қосқан үлесі мен еселі еңбегін елі ұмытпайды. Үш перзентінен немерелер сүйген бақытты ананың өскелең ұрпақ үшін де айтары мол еді. Бүгінде қызы Гүлшат Оңдасынқызы анасының ізін жалғап, Арыс аудандық сотының кеңсе меңгерушісі қызметінде. Іскерлік қабілетін көрсетіп, жауапты саланы абыроймен атқарып келеді.
Сапархан Омаров
Арыс аудандық сотының төрағасы