Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.
Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы 1967 жылы туған, білімі жоғары.
1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.
Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы М.Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.
Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
2019 жылдың тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін Байзақ ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келді.
Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нығмашев Берік Болатұлы өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш берген болатын.