​«ЖАС МАМАН-2024»: Шымкентте бітіруші түлектерге арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

ЖАС МАМАН-2024

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқу орнының бітіруші түлектеріне арналған «Жас маман-2024» бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Шымкент қаласы және Түркістан облысынан екіжақты келісімшарттар жасалған барлық өндірістік кешендер, ірі өндіріс орындары, спорт, мәдениет, білім беру, жалпы 150-ден астам мекеме қатысты. Дәстүрлі ұйымдастырылатын жәрмеңке түлектерді жұмысқа орналастырудың ашық диалог алаңына айналып, көптеген түлектерімізге болашақ жұмыс орнын табуға көмектесіп келеді. Биыл университетті 9 мыңға жуық түлек бітіреді.

Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильді орталығы» Еңбекші ауданы бойынша мансап орталығының еңбек ресурстарынын болжау және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нағима Досанова, «Renaissance SHIK» ЖШС директоры Игорь Карпов, «Сити-инжинеринг» ЖШС директоры Саиддин Ажидинов ізгі тілектерін білдіріп, оқу ордасының білімді, ізденістегі жастарға бос жұмыс орнын ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді. Бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұқбаттасып, өз мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары туралы толыққанды ақпарат алды және мекемелердің өтініші бойынша түйіндемелерін қалдырды. Барлық қатысушылар арасында қызықты ойындар ойнатылып, іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Атап өтейік, биылғы жәрмеңкеге Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар, Түркістан облыстық сотының кеңсесі, Шымкент қаласы және Түркістан облысының прокуратурасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, Шымкент қаласының мәдени орындары мен кітапханалары да қатысты.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, сондай-ақ жұмыс берушілер үшін де маңызды. Түлектер өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға, ал біздер үшін олардың іскерлік қасиетін бағалауға мүмкіндік тудырады. Осы тақілеттес шаралар арқылы түлектерге ақпарат бере аламыз. Орта мектепке қызметке орналасқан жас маманға тәжірибесі мол ұстаздар бағыт-бағдар беріп, жұмысының қыр-сырын терең меңгеруіне әрқашан қолұшын көрсетеді. Сондықтан жастар жұмыс істеуге деген ынта-ықылас танытса, біз өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді  жауаптылар. Дәстүрлі шара бұдан кейін де өз жалғасын табатын болады. Себебі, аталмыш бағдарлама екі тарапқа да тиімді екенін дәлелдеп келеді.