Жастарға жауапкершілік жайлы айтылды

жауапкершілік

Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі, аудан прокуратурасы, аудандық полиция басқармасының бірлесуімен «Нашақорлық — қоғамның қасіреті, Болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет» атты форум өтті. Аталмыш іс-шараға аудан прокуроры Даулет Тлемисов, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Сайрам Ауданының Полиция Басқармасының бастығы Мұрат Ермеков, ақсақалдар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, ауыл округ әкімдері, білім саласының кызметкерлері, мешіт имамдары, спортшылар және белсенді жастар қатысты.

Жастардың бойын нашақорлықтан аулақ ұстауға арналған шарада аудан прокуроры Даулет Тлемисов алғаш сөз кезегін алды. Өз кезегінде форумға қатысушыларға нашақорлықтың денсаулығымызға қасақана зиян келтіріп қана қоймай, сонымен қатар, есірткі заттарын заңсыз сақтау, дайындау және тарату кез келген азамат үшін қылмыс екенін айтып, сондықтан жауапкершілікке тартылатынын түсіндірді. ​

Ал, аудандық полиция басқармасының бастығы Мұрат Ермеков өмірде өздерінің болашақтарын ойлаған, алдарына мақсат-бағдар қойып, жақсы белестерге жетеміз деген жастар есірткіден бойларын аулақ ұстауы керектігі туралы өз ойын білдірді.

Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов: — «Қазіргі таңда нашақорлық болашағымызға қауіп төндіріп отырған індет. Адам денсаулығын бұзып, сананы улайтын аталмыш затқа әсіресе жастар мен жас балалардың әуес болуы үлкен алаңдатушылық туғызады. Сол себепті жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді пайдалануы үшін бүгінгідей іс-шараларды жиі өткізу — басты борышымыз» — деді.

Бұдан соң, аудан тұрғындары және жалынды жастар арнайы тақырыпқа сай дайындалған әлеуметтік бейнероликті тамашалады.

Басқосу барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев және бүгінде спортты жанына серік етіп, аудан мерейін үстем етіп жүрген спортшыларымыздың бірі, Әйелдер күресінен 2 дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Ақбота қозғалған тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды.

Айналамызда дені сау, ұшқыр ойлы, ұлағатты ұрпақтарымыздың санын арттырып, ғасыр дертімен бірге күресуге шақыратын шараның соңы рухты жігерлендіретін ән-жырмен жалғасты.