Жастары белсенді елдің болашағы жарқын

Қай кезді алып қарасақ та қоғамның қозғаушы күші – жастар. Шымкент жастары барлық салада белсенділігімен ерекшеленеді. Ресми дерекке сүйенсек, қалада 14 және 35 жас аралығында 362 980 жас тұрады. Яғни, мегаполис халқының 32 пайызын жастар құрайды.

Шаһарда орын тепкен 9 жоғарғы оқу орнында 115 064 студент білім алады. Орта арнаулы оқу орындарының саны – 38, оның 11-і мемлекеттік, 27-і жекеменшік. Онда 45 622 жас білім алады.
Жалпы қала жастарына төрт «Жастар ресурстық орталығы» қызмет көрсетеді. Төрт ауданда орналасқан орталықтарда 2023 жылдың алғашқы тоқсанында 8200 жасқа қызмет көрсетілген.

–Жастар ресурстық орталықтарында жыл басынан бері 113-іс-шара ұйымдастырылып, оған 38 мыңнан астам жас тартылды. Арнайы құрылған мобильді топтар ұдайы жастарға қажетті деген мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттарды жеткізіп, түсіндіріп отырады. Олардың маңыздылары –тұрғын үй және жұмыспен қамту бағдарламалары, — дейді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мағжан Исахов.