Жолдың сапасы қатаң бақылауда

Жолдың сапасы қатаң

Соңғы жылдары Түркістан облысы көлік инфрақұрылымын жаңартуға және жол сапасын жақсартуға ерекше назар аударып келеді. Жол – ел экономикасының күретамыры ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Облыс аумағында жүргізіліп жатқан жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары, олардың сапалық деңгейі қоғам назарында.

Қазіргі таңда Түркістан облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Бұл – еліміздегі ең ірі өңірлердің бірі үшін айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Осы жолдардың басым бөлігі – аудандық және облыстық маңызы бар жолдар.

Түркістан облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы қатаң бақылауға алынған. Осы орайда, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен кезекті штаб отырысы өтіп, күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, жол саласындағы мәселелер, облыс аумағындағы жолдардың сапасы, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Жиын барысында жол саласына жауапты мердігер мекемелер мен аудан, қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Өңірдегі кейбір жол нысандарында сапа талаптарының сақталмай жатқаны айтылып, қатаң ескерту жасалды. Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына мониторинг жұмыстарын күшейту жүктелді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары барлық мердігер ұйымдар мен тиісті мекемелерді жол сапасын қалпына келтіруді міндеттеп, уақыт берді.

– Жол құрылысына жауапты әр мекеме өз жұмысына немқұрайлы қарамауы тиіс. 1 маусымға дейін кемшіліктерді қалпына келтіріп, сапасыз жолдарды жөндеңіздер. Міндеттерді орындамаған жауаптыларға заң аясында тиісті шаралар қабылданады», – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Түркістан облысының аудан, қалаларындағы жол сапасына мониторинг жасалып, талдау қорытындысымен жол жамылғысының сапасы бойынша бірқатар кемшілік анықталды. Жол сапасы сын көтермейтін аумақтарға жауаптылар қатарында 30-дан астам компания бар. Мониторинг анықтаған аумақтар ішінде Түлкібас, Сайрам, Отырар, Сауран, Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Түркістан, Кентау және Арыс қалаларындағы жолдар тіркелген.

Облыс әкімдігі жол инфрақұрылымының сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді жалғастырады. Анықталған кемшіліктерді жою шаралары жіті бақылауға алынған. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жолмен қатынауын қамтамасыз ету – басты назарда.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында жол құрылысының сапасы соңғы жылдары айтарлықтай жақсарды. Жаңа технологиялар, мемлекеттік бақылау және қоғамдық белсенділік нәтижесінде сапасыз жолдардың саны азайып келеді. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Сондықтан алдағы уақытта жол саласына бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және құрылыс сапасына бақылауды күшейту – басты міндеттердің бірі болмақ.