Бүгінде қаламыздың әр бұрышында букмекерлік кеңселер салынып, саны жыл санап артып келеді. Осының салдарынан оңай жолмен ақша тауып, құмар ойынға құныққан жастарымыз көбеюде. Бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізген жандарды көргенде налитының анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс» деген болатын. Осы мақсатта Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент жоғары педагогика колледжінің жастарына «Лудомания — қоғамның дерті» тақырыбында кездесу өткізді.
Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Ал, еліміздегі желпілдеген жастарымыздың бұл дертке шалдығуының себебі не? Бабаларымыз: «Ойынға ойсыз құмар», – деп текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойнау деген атау қазақ ұғымында болған емес. Бұл – бүгінгі қоғам дерті.
Шараға Еңбекші аудандық «Ардагерлер жанынан құралған аналар кеңесі» төрайымы Нарбекова Дильдан, Еңбекші аудандық «Ардагерлер жанынан құралған аналар кеңесі» мүшесі Нұрғалиева Әлия, Шымкент қаласының Еңбекші ауданының инспекторы, полиция аға лейтенанты Төребай Әсел мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы Сайдахан Жібек қатысты. Спикер лудоманияның қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып келе жатқанына тоқталып, оның зияны мен адам өміріне тигізер қауіп-қатерімен бөлісті.
Сондай-ақ, жастар арасында ұлтаралық татулық пен жастардың діни танымдығы арттыру мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Авиценна жоғары медициналық колледжінде кездесу өтті.
Шараға Шымкент қаласы «Айқап» мешітінің имамы Ахметжанұлы Қыдырәлі, Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Әбдікәрім Нұржан және студенттер қатысты.
Кездесу барысында «Жастар арасында ұлтаралық татулық», «Жастардың діни танымына әлеуметтік желілердің әсері» мен «Теріс бағыттағы діни ағымдардың ықпалы» тақырыптарында сөз қозғалып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шара соңында студенттер өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, біршама ұсыныстарын ортаға салды.