Әр жұма — ұлттық киім күні

жұма

Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекеттің болашақта гүлденуіне тек бірлік  пен ынтымақ ғана кепілдік береді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қаланған салауатты патриотизмнің берік іргетасы мемлекеттік деңгейде қолдау табуда. Әрбір Қазақстан азаматы ұлты мен әлеуметтік тегіне қарамастан, өзін өз жерінің иесі ретінде сезінуі керек, осы жерді сүю, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, елді ардақтау маңызды.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді жас ұрпаққа насихаттау мақсатында қолға алынды.

Осылайша, Сайрам ауданына қарасты мектеп ұстаздары мен оқушылары әр жұма сайын ұлттық нақышта киіне бастады.

Жаңа оқу жылынан бастап әр аптаның бесінші күні «Ұлттық киім күні» деп жарияланды.

Осы орайда, бүгін мектептерде қазақ ұлттық киімдерінің күні аталып өтті. Бұл шараға білім алушылар ерекше ықыластарын танытып, мектеп формасының орнына ұлттық киімдер киіп келіп, бұл күнді сұлулық пен әдеміліктің күніне айналдырды.

Әр үзілісте оқушылар асық, тоғызқұмалақ, қол күресі секілді ұлттық ойындарын ойнады. Сонымен қатар, балалар үйірме сабағында ұлттық аспаптарды меңгерді. Қос ішекті домбырамен күй шерткен шәкірттер ұлттық би мен әндерді тамаша орындады. Сондай-ақ, мектептерде ұлттық спорт та кеңінен насихатталып, ұлттық ойындар дене шынықтыру сабақтарында үйретілді. Айталық, ұлдар арқан тартысса, шаштарын өріп алған бұрымдылар асық атудан жарысты.

Білім ошағының ұстаздары ұлттық құндылықтарды тек сабақ оқыту үдерісінде ғана емес, түрлі сайыстар мен сынып сағаттарында дәріптеді.

Бірқатар мектептің кіреберісінде әсем безендірілген шағын киіз үй орнатылып, ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдар дайындалған.

Бұдан бөлек, республикалық «Бұрымды қыз» челленджіне оқушы қыздар белсенді қатысуда. Қыздарды инабаттылыққа, достыққа, шаш үлгісін ұқыпты ұстауға, тәлім-тәрбиеге, сонымен бірге бұрымын өсіруге шақырады.

Қазақстан жастарын патриоттық сезімге, Отанға деген адалдыққа, оның болашақ тағдырына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу арқылы өз елін мақтан етуге тәрбиелеу қажет.