Заңды білу-заман талабы

заман

Құқықтық сауаттылық қазір әрбір азаматқа керек. Ол заман талабы. Адам өз құқығын және оның шегін жақсы білуі қажет. Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны жөн.

Егер, мемлекеттің әрбір азаматы өз құқығын қорғауды, құқықтық мәселелер туындаған жағдайда қандай құрылымдарға жүгінуге болатынын білетін болса, демек ол қолданыстағы заңнама нормалары, заңдағы өзгерістер туралы біледі. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін білдіреді. Елдегі құқықтық мәдениет деңгейі қоғам дамуының көрсеткіші, құқықтық мемлекет құру үрдісінің нәтижесі болып табылады. Жалпы құқықтық мәдениет ұғымының мағынасы кең, соның ішінде жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті қазіргі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Құқықтық мәдениет құқықтық санадан туындайды. Құқықтық санасы қалыптасқан азамат құқыққа құрметпен қарайды. Мұндай азаматтар құқықбұзушылыққа бармайды, өз құқығын біледі, басқа адамдардың құқықбұзушылығына төзімсіз болады.

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғамның дамуының алғышарттарының бірі. Дамыған мемлекеттерде құқықтық саясаттың өркендегені соншалық – әр адам өз құқын қорғауға бейім тұрады. Құқық қорғау саясаты құқық қорғау жүйесін құруға, адам құқықтарының тиімді жүйесін құруға негізделген. Құқықтық саясаттың міндеттеріне сәйкес мемлекет азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға жағдай жасайды, олардың құқықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін жүзеге асыру мен қорғаудың жолдары мен шектерін білуді қамтамасыз етеді.

Осы орайда Шымкентте жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай прокурормен кездесу өтті.

Кездесуге Қаратау ауданының аға прокуроры Дінислам Русланұлы, «Ақиқат» дебат клубының мүшелері, «Болашақ» дебат клубының өкілдері және «Республика» партиясының өкілі Заңғар Орынбай қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар еліміздің Конституциясының маңыздылығы, оның қоғамдағы орны және құқықтық мемлекеттің негіздерін талқылады.

Прокурор Дінислам Русланұлы Конституцияның негізгі қағидаттары және олардың Қазақстандағы құқықтық жүйедегі рөлі туралы айтып берді. Сондай-ақ, жастарға құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын және азаматтық қоғамның дамуына қосқан үлестерін түсіндірді.

Бұл кездесу жастардың құқықтық білімдерін арттыруға, елдің негізгі заңдарының мәнін тереңірек түсінуге, сондай-ақ қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.