Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр.
2021 жылы ҚР Үкіметі «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» бекітті. Бұл жоба шағын бизнесті дамытып, орта бизнесті нығайтуға бағытталған.
Бүгінде Шымкент қаласында кәсіпкерлерлікті дамыту басты назарда. Қала тұрғындары күнделікті қарбалас уақытта байқамауы мүмкін, егер жіті назар аударсаңыз, айналаңыздағы сауда орталықтарының кіре беріс тұсында орналасқан орындықтар, ауладағы ойын алаңшаларының әткеншектері өзіміздің отандық өнімдер. Мәселен, «SHEGEN» сауда үйі» 2007 жылы құрылып, шағын фирмадан ірі компанияға айнала білген шымкенттік жиһаз өндіруші мекеме.
Ол Қазақстанның нарығына ғана емес, шет мемлекеттерге де өнімдерін шығарып үлгерді. Қазіргі уақытта кәсіпорында 260-тан астам маман жұмыс істейді. Компанияның негізгі қызметі — кез келген күрделі құрастырылатын жиһаз өндірісі. Кәсіпорынның Германия, Қытай, Израиль, Түркия, АҚШ, Корея, Тайвань және т.б. елдермен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар. Сондай-ақ, ТМД елдерінің компанияларымен тығыз серіктестік орнатылды.
Айта кетейік, кәсіпорын «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, биыл екінші деңгейлі банк арқылы айналым қаражатын толықтыруға жылына 21,75%-бен қаражат алды. Оның 14,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды, қалған 8% кәсіпкер төлейді.
Отандық өнімді қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі.